Алакөлдегі қауіпсіздікті сақтауға енді дрондар қолданылады

Биылғы шомылу маусымында Алакөл жағалауындағы қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қадағалауда дрондар мен бейнекамералардың мүмкіндігі кеңінен пайдаланылады. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жетісу облысында тыйым салынған жерлерде су көліктерінің бақылаусыз қозғалысы мәселесін реттеу мақсатында Суды ортақ пайдалану ережесі бекітілген. Ережелердің сақталуын көліктік бақылау инспекциясы қадағалайды, бұл ретте инспекторлар саны ұлғайтылған. 3 су көлік тұрағы мен құқық бұзушыларға арналған арнайы 1 айыппұл тұрағы қарастырылған.
5 маусымнан бастап Алакөл ауданы Ақши және Көктұма ауылдарындағы көл жағалауларында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге полиция қызметкерлері жұмылдырылған. Бұдан бөлек жол патрулінде арнайы автоэкипаждар қызмет етеді.
– Осы жылдың 15 шілдесіне дейін облыс әкімдігі тарапынан тірек пунктіне қосылған 44 камера Ақши ауылына, 9 камера Көктұма ауылына орнатылады деп жоспарланған. Сонымен бірге жағалауда дрондық патрульдеу жүргізіледі. Дрон арқылы анықталған құқық бұзушылықтар дереу учаскелік инспекторға беріліп, әкімшілік шара қолданылады. Мәселен, осы жылы жол ережесін бұзуды қоспағанда, 28 адамға қоғамдық орында ішімдік ішу, заңсыз сауда-саттық, тазалыққа нұсан келтіру фактілері бойынша шара қолданылған. Дегенмен өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тәртіп бұзушылық азайғаны байқалды. Оған заманауи құрылғыларды тиімді пайдалану өзінің оң әсерін тигізіп отыр, – дейді Жетісу облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Жасұлан Байкенов.
Полиция қызметінде осындай 4 дрон болса, Төтенше жағдайлар департаментінің Жедел құтқару тобында демалушылардың қауіпсіздігін қадағалайтын 2 дрон қолданыста бар. Аталмыш ұшу құрылғысы қауіптілік белгісіне жақын жерде немесе қауіпті жерлерде шомылып жүрген демалушыларды анықтап, оларға ескерту жасайды.
Ұшу құрылғысының бұдан басқа да профилактикалық шараларға тигізер көмегі зор. Жалпы құтқару бөлімшесінің қызметкерлері суға шомылуға қауіпті жерлерде белгілер орнатып, күн сайын демалушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, жадынамалар таратады.
Бұған дейін, Алакөл жағажайын Түркия мен Мысыр үлгісінде дамыту жоспарланып отырғанын жазғанбыз.