
Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде ақылы негізде «Педстарт» атты олимпиада өткізілетіні жөніндегі ақпаратқа түсінік берді.
Оның сөзінше, Оқу-ағарту министрлігінің бұл олимпиаданы ұйымдастыру мен өткізуге ешқандай қатысы жоқ.
«Аталған ақпарат шындыққа жанаспайды. Ал министрліктің фирмалық бланкісін заңсыз пайдаланып, жалған хабарлама таратқан тұлғалардың әрекеті – заңға қайшы. Осыған орай, білім беру ұйымдарының басшыларын және педагогикалық ұжымдарды қызметкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, Оқу-ағарту министрлігі ұсынбаған, ақылы әрі күмәнді олимпиадалар мен байқауларға қатысуға жол бермеуге шақырамыз», – дейді Мереке Амангелдіқызы.
Ведомство ресми өкілі министрлік ұсынған олимпиадалар мен байқаулардың тізімі №514 бұйрықпен бекітілгенін атап өткен. Тек осы тізімге енгізілген іс-шаралар ғана педагогтердің аттестациясы кезінде есепке алынады.
«Баршаңызды абай болуға шақырамыз. Осындай жағдайлар анықталғанда дереу өңірлік білім беру ұйымдарына немесе Білім саласында сапасын қамтамасыз ету комитетіне хабарласуыңызды сұраймыз», – дейді ол.
Бұған дейін, 11 мың мұғалім жаз бойы біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша оқитынын жазғанбыз.