Жаңалықтар

Тұңғыш Президент саябағының суару жүйесі жартылай ғана істеп тұр

Тұңғыш Президент саябағының суару жүйесі жартылай ғана істеп тұр/Фото: Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Алматыда қала әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Тұңғыш Президент саябағын кешенді қайта құру мәселесіне арналған кеңес өтті. Жиынға қала басқармаларының өкілдері, сәулетшілер, ландшафт дизайнерлері және құрылыс ұйымдарының мамандары қатысты.

Қоғамдық кеңістікті дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Батырхан Сүлейменовтің мәліметінше, саябақ 2010 жылы ашылған. Оның аумағы 15 мыңнан астам ағаш отырғызылған аллеялар мен дендрологиялық аймақтарға бөлінген. Қазіргі уақытта қолданыстағы автоматты суару жүйесі тек жартылай жұмыс істеп тұр, сондықтан оны толық жаңғырту қажет. Заманауи технологияны қолданып, су ағызу құбырларын тазартып, суару жүйесін толық жаңарту жоспарланып отыр.

«Жаңарту жобасы саябақты орнықты көгалдандыру тұжырымдамасын қамтиды. Атап айтқанда, ағаш пен бұтаның түрін көбейту, алуан түрлі шөптесін өсімдіктерден тұратын экожүйелер мен жасыл аймақтар құру көзделген. Олардың арасында 4 гектар аумақта қарағай мен қайыңнан тұратын тоғай да бар. Сонымен қатар 5,5 мыңнан астам гүлдейтін ағаш егу көзделген», – делінген ақпараттық хабарламада.

Қала әкімі жобалық шешімдерді нақтылап, көгалдандыру жүйесінің орнықтылығын қамтамасыз етуді, суару инфрақұрылымын жаңартуды және саябақтың табиғатты қорғау қызметін күшейтуді тапсырған. Басты мақсат дендросаябақтың экологиялық маңызы жоғары аймақ ретіндегі мәртебесін сақтау және оның рекреациялық әлеуетін дамыту екенін атап өткен.

Бұған дейін қала әкімі көшкін қаупі бар учаскелерде жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысу үшін жауапты басқармалардың өкілдерімен жиын өткізіп, су станцияларының, Hyundai Trans Auto зауытының жұмысымен танысқан.