Үш ірі лауазымды тұлға пара алғаны үшін ұсталды. Олардан 196 млн теңге тәркіленген

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Үш ірі лауазымды тұлға пара алғаны үшін ұсталды, олардан 196 млн теңге тәркіленген/Фото: Видео кадры

Қаржылық мониторинг агенттігі «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ және «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС-ның басшылары ұсталғанын хабарлады.

Агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаменті оларға қатысты ірі көлемде пара алу және беру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған.

Тергеу барысында «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС басшылығы қаржы ұйымдарының сұраныстарын өңдеуге қажетті ақпараттық қызметтер көрсету кезінде өз мүдделерін өткізу мақсатында «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басшылығына жүйелі түрде заңсыз сыйақылар бергені анықталған.

2025 жылғы 28 маусымда Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында кезекті 75 мың АҚШ доллары көлеміндегі пара беру кезінде мынадай тұлғаларды ұстаған:

  • Р. Омаров – «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС-ның бас директоры;
  • А. Сарбасов – «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның басшысы, ол бұған дейін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірінші вице-министрі қызметін атқарған;
  • Д. Арғандыков – «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның бұрынғы басшысы, бұрын Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі қызметін атқарған.

Күдіктілердің тұрғылықты жерін тінту барысында 370 мың АҚШ доллары (192 млн теңге) мен 4,5 млн теңге көлемінде ақша қаражаты тәркіленген.

2025 жылғы 30 маусымда сот санкциясымен А.Сарбасовқа, Р. Омаровқа және Д.Арғандыковқа қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Бұған дейін, Алматы облысында алаяқтық жасады деген күдікпен Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы ұсталған. Ол мемлекетке 1 млрд теңгеден аса зиян келтірген.

Сондай-ақ оқыңыз