Жаңалықтар

AIX алаңында Ұлттық банктің алтын монеталары 8 млрд теңгеге сатылған

Фото: kursiv.media, бильд редактор Ахтам Зиперов

2025 жылы Астана халықаралық қаржы орталығының биржасы (AIX) бөлшек инвесторлар үшін жаңа өнім – Ұлттық банктің алтын монеталарын сатып алу мүмкіндігін енгізген. Сауда-саттық Tabys мобильді қосымшасы арқылы жүргізіледі. Осы уақыт аралығында Ұлттық банктің алтын монеталары 8 млрд теңгеге сатылған.

AIX өкілдерінің айтуынша, бұл өнім – алтынмен қамтамасыз етілген активтерге инвестициялаудың ыңғайлы тәсілі. Сауда халықаралық алтын бағасы мен теңге бағамына байланған.

Алтын монеталардан бөлек, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында биржада 86 жаңа қаржы құралы листингке шығарылды. Олардың қатарында еурооблигациялар, құрылымдық өнімдер, биржалық қорлар (ETF) және БАӘ дирхамындағы алғашқы облигациялар бар. Мәселен жақында АҚШ-тың ірі банкі – JPMorgan Chase Bank өз ноталарын Astana International Exchange (AIX) биржасында JPM1.0229 тикерімен кросс-листингке шығарды.

Жалпы алғанда, жарты жыл ішінде AIX арқылы 1,9 миллиард доллар көлемінде капитал тартылды. Сауда айналымы 729 миллион долларды құрады. Сонымен қатар, бөлшек инвесторлар үшін 2,2 миллионнан астам шот ашылған.

Бұл көрсеткіштер AIX-тің жаңа өнімдерді енгізу арқылы нарықты әртараптандырып, жеке инвесторлар үшін мүмкіндіктерді кеңейтіп жатқанын көрсетеді. Биржа биыл да жаңа құралдар мен қызметтерді дамытуға ниетті.