Авто

Қытайда Lexus зауытының құрылысы басталды: алғашқы көліктер 2027 жылы шығарылады

Lexus Қытай нарығына бет бұрды ма? / Фото: shutterstock

Қытайда алғаш рет премиум санаттағы жапондық Toyota компаниясына тиесілі Lexus маркалы автокөліктерді шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Бұл оқиға әлемдегі ең ірі автомобиль нарығында брендтің локализация стратегиясындағы маңызды қадам болып отыр. Жоспар бойынша, алғашқы коммерциялық көліктер 2027 жылы жаңа зауыт конвейерінен шығады.

Неліктен Қытай нарығы таңдалды?

Қытай – әлемдік автоконцерндер, әсіресе, премиум сегментте, шешуші нарыққа айналған. Қытайдың автомобиль өндірушілері қауымдастығының (CAAM) деректеріне сәйкес, елде жыл сайын 3 млн-нан астам люкс көлік сатылады. Сондай-ақ бұл сегмент тұрақты өсіп келеді. Lexus Қытайдағы ең танымал премиум брендтердің ондығына кіреді, бірақ бүгінде оның барлық көліктері Жапониядан импортталады.

Жергілікті зауыттың құрылысы Lexus-ке логистикалық шығындарды азайтуға, салықтық тиімділікті арттыруға және тұтынушылар талғамына жылдам бейімделуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жергілікті өндіріс – брендке деген сенімді күшейтетін маңызды фактор. Әсіресе, Қытайдағы жергілікті автоөндірушілердің күшеюі жағдайында.

Жоба ауқымы және орналасқан жері

Жаңа зауыт Қытайдың алдыңғы қатарлы өндірістік және логистикалық өңірлерінің бірі саналатын Гуандун провинциясындағы Гуанчжоу қаласында салынады. Алдын ала мәліметтер бойынша, кәсіпорын толық өндірістік цикл негізінде жұмыс істейді. Шанақты дәнекерлеуден бастап соңғы жинақтауға дейін. Жылына шамамен 200 мың көлік өндіріледі. Зауытта жанармаймен жүретін, гибрид және болашақта электр қуатына негізделген модельдер де шығарылады деп жоспарланған.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі бірнеше млрд юаньды құрайды. Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу орталығы мен персоналға арналған оқу базасы да қарастырылған. Бұл Toyota-ның Қытай нарығындағы ұзақмерзімді мақсаттарын айқын көрсетеді.

Бренд үшін жаңа кезең

Қытайдағы зауыттың іске қосылуы Lexus бренді үшін жаңа белес болмақ. Біріншіден, бұл қытайлық тұтынушылардың талғамындағы өзгерістерге жылдам жауап беруге мүмкіндік береді. Екіншіден, локализацияның арқасында бағаларды бәсекеге қабілетті деңгейге дейін төмендетуге болады. Бұл, әсіресе, иенаның әлсіреуі мен Қытай электромобильдерінің нарықтағы үлесі артқан тұста өте маңызды.

Жаһандық нарыққа әсері

Қытайдағы Lexus өндірісі Жапониядағы зауыттардың жүктемесін азайтып, басқа нарықтарға, атап айтқанда, Солтүстік Америка мен Таяу Шығысқа – ресурстарды қайта бағыттауға мүмкіндік береді. Егер локализация сәтті жүзеге асса, Қытайдағы зауыттар Азия мен Африка елдеріне экспорттық хабқа айналуы әбден мүмкін.

Қытай нарығы үшін маңызды тұстары

  • Жаңа энергия стратегиясы: бұл жоспар Toyota-ның электр көліктеріне көшуіне серпін береді және Lexus-тің Қытай нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
  • Бәсекелестікке дайындығы: жоба Қытайдың EV нарығындағы BYD, Geely және тағы басқа брендтермен тең дәрежеде бәсекелесуге бағытталған.
  • Жұмыс орындары: алғашқы кезеңде шамамен 1 000 жаңа қызметкерге жұмыс орны құрылады.

Қытайда алғашқы Lexus зауытының құрылысы – экономикалық тұрғыдан ғана емес, имидждік тұрғыдан да стратегиялық шешім. 2027 жылы бренд тек өндірістік алаң ғана емес, сонымен қатар премиум көліктерге деген сұраныс өте жоғары нарыққа қарай бет алды. Еске сала кетсек, Bloomberg 2025 жылдың шілдесінен бастап Toyota Motor Corp өндіретін көліктердің бірқатарының бағасы Құрама шататтарда қымбаттайтынын хабарлаған.  Оның ішінде Lexus маркасының темір тұлпарлары да бар.