
2025 жылдың 2 шілдесінде Нью-Йорк федералды соты америкалық музыкалық магнат, продюсер әрі рэпер Шон Комбсты (лақап аты Пи Дидди) жезөкшелікке тарту мақсатында адам тасымалдау бабымен кінәлі деп тапты. Алайда Дидди адам саудасы мен қылмыстық астыртын келісімге қатысты ауыр айыптардан ақталды. Бұл жөнінде Reuters агенттігі хабарлады.
Комбсқа тағылған бес айыптың ішінде екі жезөкшелікке қатысты тармақ бойынша айыпты деп танылды. Әрқайсысы бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ та адам саудасы бабымен ақталғаны – оның өмір бойы түрмеге қамалудан аман қалғанын білдіреді.
Прокурорлар не дейді?
Айыптаушылардың айтуынша, Комбс жиырма жыл бойы өзінің шоу-бизнес империясын бұрынғы серіктестері Кассандра «Кэсси» Вентура мен Джейн (лақап аты) есімді әйелдерді сексуалдық қатынасқа мәжбүрлеу үшін қолданған. Олардың мәліметінше, Дидди қонақүйлерде әйелдерді есірткімен мас күйінде ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсуге итермелеп, өзі бақылап, кейде видеоға түсіріп отырған.
Тергеу кезінде Комбстың үйлерінен есірткі және 1000 бөтелке майлау материалдары табылған. Бұл заттар прокурорлардың айтуынша, «сексуалдық қойылымдар» кезінде қолданылған.
Қорғау тарапының ұстанымы
Қорғаушы адвокат Марк Агнифило сотта Комбс тарапынан кейбір қатігездік болғанын мойындады, алайда барлық жыныстық әрекеттер әйелдердің келісімімен жасалғанын мәлімдеді. Жәбірленуші әйелдердің Комбспен байланысын жалғастырғанын, әрі бұл қатынастардың өзара келісімге негізделгенін алға тартты.
Сотта қандай дәлелдер айтылды?
Сотта 2016 жылғы видеокамера жазбасы көрсетілді, онда Комбс Вентураны Лос-Анджелестегі қонақүй дәлізінде итеріп, сүйреп келе жатқан сәті байқалады. Бұл оқиға кезінде Вентура «жабық кештерден» қашып кетпек болғанын айтқан.
Бұдан бөлек, Джейн есімді жәбірленуші сотта 2024 жылдың маусымында Комбстың оны ұрып-соғып, басқа әртіспен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлегенін баяндады.
Сот үкімі мен келесі қадам
Сот үкімінен кейін Комбс орындықтың алдында тізе бүгіп, дұға жасағандай көрінді. Содан соң «Жақында үйге ораламын» деп жұртқа қарап күлімсіреп, қолын жүрек тұсына қойды.
Судья Арун Субраманиан жақын күндері жазаны жариялайды. Қазірге дейін Комбс Нью-Йорктегі Бруклин федералды түрмесінде қамауда отыр. Оның адвокаттары шартты түрде босатуды сұрағанымен, прокурорлар қарсы шықты. Енді тараптар бұл мәселеге қатысты жазбаша дәлел келтіруге тиіс.
Еске сала кетейік, Пи Дидди 2024 жылы қыркүйек айында адам саудасы бойынша айыпталып қамауға алынған еді.