Lifestyle

6 шілде күні Ұлттық домбыра күніне орай қандай іс-шаралар өтеді

Ұлттық домбыра күніне орай қандай іс-шаралар өтеді / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда шілде айының алғашқы жексенбісі — Ұлттық домбыра күні ретінде аталып өтеді. Биыл бұл мереке 6 шілдеге сәйкес келіп отыр. Домбыра күні 2018 жылы ҚР Президентінің жарлығымен бекітілген.

Еліміз бойынша 300-ге жуық іс-шара өтеді

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі биылғы Домбыра күніне арналған республикалық деңгейдегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Мереке аясында еліміз бойынша 300-ге жуық мәдени-көпшілік шара өтеді, оның ішінде 200-ден астамы өңірлерде ұйымдастырылады.

Алматы мен Астанадағы басты іс-шаралар:

  • Алматы:
    • MEGA Alma-Ata сауда орталығының ашық алаңында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің мерекелік концерті өтеді.
    • Көктөбе саябағында дәстүрлі «Dombyra Party» кеші ұйымдастырылады.
  • Астана:
    • Қалалық амфитеатрда Ұлттық Домбыра күніне арналған мерекелік концерт өтеді.
    • Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде атақты композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған арнайы концерт қойылады.

Өңірлердегі атаулы шаралар:

  • Жамбыл облысы, «Көне Тараз» саябағы – «Ұлттық домбыра күні – баба үніне құрмет» атты музыкалық кеш.
  • Түркістан, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы – «Домбыра – дастан» атты мәдени шара.

«Күмбірле, қоңыр домбыра» көрмесі

4 шілде күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде, сағат 11:00-де, «Күмбірле, қоңыр домбыра» атты арнайы көрменің ашылуы өтеді. Экспозицияда музей қорындағы музыкалық аспаптар коллекциясы ұсынылады.

Домбыра күнін ұлықтаған челлендж

Мерекеге орай елімізде домбыра челленджі бастау алды. Ұлттық Домбыра күніне орай TikTok қосымшасы арнайы парақша іске қосып, пайдаланушыларды мерекелік көңіл-күйге бөлеуде. Сондай-ақ, 4 шілде, жұма күні сағат 18:00-де TikTok LIVE @tiktoklive_eecca ресми аккаунтында онлайн-концерт өтеді.

Бағдарламада:

  • 18:00–19:00Ками Кернай (@kamikernai)
  • 19:00–20:00Жақс Мухаметжанов (@zhakso_)

Сонымен қатар, TikTok пайдаланушыларына #домбыракүні хэштегімен шебер домбырашылардың өнерін тамашалап, өздерінің де бейнелерімен бөлісуге шақыруда — бұл шағын үй концерттері, дуэттер, күй орындау шеберлігін көрсету сынды түрлі форматтар болуы мүмкін.