Уимблдон: Елена Рыбакина – Мария Саккари ойынын қайдан көруге болады

3 шілде күні Қазақстанның үздік теннисшісі Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің екінші кезеңінде өнер көрсетеді. Қарсыласы грекиялық спортшы Мария Саккари.
Матч Астана уақыты бойынша 18:30-ға жоспарланған. Кездесуді sportplus телеарнасынан және ресми сайтынан онлайн көруге болады.
26 жастағы Рыбакина — әлемнің бұрынғы үшінші ракеткасы, қазіргі таңда ол WTA рейтингінде 11-орында тұр. Елена «Үлкен дулыға» турнирлерінің бірін — 2022 жылы осы Уимблдонды жеңіп алған. Сондай-ақ, 2023 жылы Australian Open финалына дейін жетіп, шешуші матчта беларусьтік Арина Соболенкоға жол берген еді.
Қарсыласы — 29 жастағы Мария Саккари де 2022 жылдың наурызында WTA рейтингінде үшінші орынға көтерілген. Алайда қазіргі уақытта ол 77-сатыға төмендеген. Грек теннисшісі 2021 жылы екі «Үлкен дулыға» турнирінде — «Ролан Гаррос» пен US Open-де жартылай финалға дейін жеткен.
Еске сала кетейік, Рыбакинадан басқа қазақстандық теннисшілердің барлығы бірінші кезеңде жарыс жолын аяқтаған еді.