Жаңалықтар

Жемқорлардан қайтарылған 45 млрд теңгеге СҚО-ның су құбырлары жаңғыртылады

Су құбыры
45 млрд теңгеге СҚО-дағы су құбырлары жаңғыртылады / shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Жемқорлардан қайтарылған 45 млрд теңгеге СҚО-ның су құбырлары жаңғыртылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

«Арнаулы мемлекеттік қордан Солтүстік Қазақстан облысының ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында су құбыры инфрақұрылымын дамытуға 45 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді», – делінген баспасөз хабарламасында.

Бұл қаражатқа өңірде сумен жабдықтау жүйесін жақсартуға бағытталған 48 жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, Соколов, Булаев және Преснов топтық су құбырлары жөндеуден өтеді. Сонымен бірге Айыртау және Шал ақын аудандарына қарасты елдмекендердің Көкшетау топтық су құбырлары жөнделеді. Бұл аймақта жаңа су құбырлары мен су тарту тармақтарын салу жоспарланып отыр.

Бұл жобалар аяқталғанда Солтүстік Қазақстан облысындағы елдімекендер толықтай сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі.

Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі күні елдегі ең ұзын топтық су құбырлары Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Топтық су құбырлары арқылы 229 ауылдың 175 мың тұрғынына ауызсу жеткізіліп отыр. Құбырлар жалпы 3 мың шақырымға созылып жатыр. Сол себепті де, бұл өңірдің су инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаражат жұмсалады.

Айта кетсек, алғашқыда бұл өңірдің су құбырларын жаңғыртуға 21 млрд теңге жұмсалатыны айтылған болатын. Үкіметтің 9 облыста су құбырлары инфрақұрылымын жаңғыртуға республикалық бюджеттен 44,6 млрд теңге бөлетіні хабарланған.