
Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдап, инвестиция тарту қарқынын арттырып, өңірлерді дамытуды тапсырды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Бектенов экономиканы әртараптандыру және құрылымдық жаңғырту бойынша қабылданып жатқан шаралар жөнінде есеп беріп, президент тапсырмасы негізінде жалпы инвестиция көлемі 2,3 триллион теңгеден асқанын, олар бойынша 45 ірі өнеркәсіптік жоба іске қосылып, 20 мың жұмыс орнын құру көзделіп отырғанын айтқан.
Сонымен бірге президент Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында тапсырған жұмыстар бойынша, нақты айтқанда көлік саласын дамытуға қатысты міндеттерді орындау бойынша бірқатар шаралардың қолға алынғанын жеткізген.
Президентке вегетациялық кезең туралы мәлімет ұсынылып, егістіктерді су ресурстарымен қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар жүргізіліп жатқаны айтылған. Бұдан бөлек, егіс науқанының аяқталуына байланысты астықты жинау жұмыстарына дайындық басталып кеткенін жеткізген.
Кездесу барысында энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық трансформациялау мәселесі де тілге тиек етіліп, бұл бағытта қандай шаралар атқарылып жатқаны жөнінде мәліметі берілген.
«Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев экономикада институционалдық өзгерістер жасауға, өңірлерді дамытуға және инвестиция тартуға қатысты бірқатар тапсырма берді», – деп хабарлайды Ақорда.