Сапасына сын бар – сарапшылар қытай көліктері мен кәрістің Kia Sportage-ін салыстырды

Қытай көліктері мен корей көліктерінің сапасы салыстырылды. Ұлыбританияның көлік сарапшылары тест-драйв өткізді.
Сarwow ақпаратына қарағанда, олар Қытай көліктері мен кәріс көліктерін сынақтан өткізіп, қайсысы жақсырақ екенін анықтап, қорытынды шығарды. Бұл көлік сатып алғысы келетіндерге жақсы кеңес болмақ.
Қытай көліктерінің ерекшелігі
Қытай автокомпаниялары бүгінде Еуропа нарығын бағындырып жатыр. BYD, Omoda, Jaecoo, Leapmotor сияқты түрлі брендтер көздің жауын алатын көліктерін ұсынады. Қытай көліктері көбіне қолжетімді бағасы және сансыз көп жабдықтары арқылы ерекшеленеді. Сарапшылар сапасы мен жүрісін сынақтан өткізіп, жақсы және жаман тұстарын айқындаған.
Артықшылығы неде?
Қытай көліктері Еуропа, Жапония немесе Оңтүстік Корея көліктерімен салыстырғанда арзан немесе бағасы бірдей. Бірақ қуатты қозғалтқыштары бар. Стандартты құрал-жабдықтары да өте көп. Электрлі көліктерде су жаңа технологиялар қолданылады.
Интерьер мен технологиялар
Мысалы, Leapmotor C10 салонында дәстүрлі кілт пен батырмалар жоқ. Бәрі смартфон және сенсорлы экран арқылы басқарылады. Бірақ бұл интерфейс қолайлы деп айтуға келмейді. Қажет функциялар терең мәзірлерге жасырынған. Кішкентай батырмаларды басу қиынға түседі. Сонымен қатар Apple CarPlay немесе Android Auto сияқты жүйелермен байланыс орнату мүмкін емес.
Жолдағы жайлы жүріс
Omoda 9 моделі – толық жабдықталған гибрид. Бағасы Kia Sportage құнымен шамалас. Бір қарағанда, Omoda ұтымды көрінеді. Өйткені кең, қуатты, салоны сәнді. Бірақ жүргізу кезінде екі кроссовердің айырмашылығы анық байқалған.
Сарапшылар Kia-мен салыстырғанда қытай көліктерінің сапасы сыр беретінін анықтаған.
Әлсіз тұсы неде?
Әңгіме жүрісі мен ішкі технологиясына қатысты болып отыр. Қытай көліктерінің әлсіз тұсы жүрісінде. Жұпыны көрінетін Kia Sportage-бен салыстырғанда да бұл анық байқалады.
Omoda жол кедергілерін, атап айтқанда, жылдамдық бәсеңдеткішті басып өткенде ордаңдап қалады. Көлік артқы бөлігі секіріп, шанағы шайқалғандай болады. Ал Kia әлдеқайда сенімді әрі жайлы өтеді.
Kia Sportage бұрылыстарда да өзін жақсы жағынан көрсетіп отыр. Omoda болса, бұрылыстарда қатты қисаяды. Бұл көп қытай көліктеріне тән қасиет. Мәселен, BYD Seal-де осындай олқылық білінген.
BYD мен Corsa
BYD Dolphin мен Vauxhall Corsa Electric салыстырмалы бағамен сатылады. Бірақ BYD қуатты әрі бір қуатпен ұзақ жүреді. Нақты айтқанда, 240 мильге дейін.
Оның салоны кең. Артқы орындықтың бойы – 180 см. Ересек адамдар да жайлы отыра алады. Панель дизайны заманауи. Айналмалы сенсорлы экран мен ерекше элементтер оны тартымды ете түседі.
Жоғары комплектацияда Dolphin алдыңғы орындықты жылыту/салқындату, панорамалық люк, 360° камера сияқты функциялар ұсынған. Мұндай жабдық Corsa Ultimate үлгісінде де жоқ.
Жоғары бағаланған қытай көліктері
Рас, Қытай көліктерінің кейбір үлгілерінде жүргізу сапасы, интерфейс пен технологиялық шешімдер ақсап тұр. Мысалы, BYD Dolphin – жақсы нұсқа, бірақ мультимедиа жүйесі ыңғайсыз. Ал Omoda 9 жолда өзін сенімсіз көрсетсе, Leapmotor C10 мүлде қолайсыз интерфейске ие.
Қытай көліктеріне үмітпен қарауға болады. Десе де, таңдау кезінде аса мұқият болу керек. Ұзақ тест-драйв өткізіп, екі шоқып, бір қарау керек.
«Бұл үш қытай көлігіне қысқаша шолу. Ғажайып көліктері де бар. Соның бірі – жоғары технологиялық Xpeng G6. BYD Seal-дің жүрісі тамаша. MG HS болса, салық жағынан арзан. Мұның бәрі басқа көлік өндірушілердің қорқуына негіз бола алады деген сөз», – деп түйіндейді сарапшылар.
Мұның алдында Қытайдың ең мықты 10 көлігі анықталған еді.