Жаңалықтар

Базарда кәсібім бар деген Жазира Жаппарқұлға қысым жасалды ма?

Жазира Жаппарқұл
Жазира Жаппарқұл / Фото: ашық дереккөзден

Олимпиада жүлдегері болған Жазира Жаппарқұлды қосымша кәсіп ашқаны үшін жұмыс істеп жүрген спорт мектебінен қудалап жатыр. Журналист Ақырыс Сейтқазы фейсбуктегі парақшасына осылай жазды.

«Енді Шымкент қалалық спорт басқармасы базарда істейтін болсаң, мындағы орынды босат деп, қиғылық салып жатыр. Қазір Жазира Жапарқұл денсаулық жағдайына байланысты демалыс алған. Егер жағдайы бес боп тұрса, Жазира базар аралап жүрмейді ғой. Артспортқа алған спорттық құрылғылардың біразын арзан бағаға, біразын тегін беріп жіберіпті. Әлі біраз кілем, татамилері шаң басып, қорада тұр. Мемлекеттің бағдарламасынан опық жеген спортшыға осылай бас салу дұрыс па?», – деп жазды журналист.

Өзінің кәсібі жайлы спортшы осыған дейін берген сұхбатында айтқан еді. Бірнеше жыл бұрын Жазира Жаппарқұл мемлекеттік ArtSport бағдарамасы аясында спорт мектебін ашқан. Бірақ бағдарлама бойынша қаржы уақытылы түспей, жаттықтырушылар мен ғимараттың жалға алу ақысын спортшы өз қалтасынан төлейді. Нәтижесінде Жазира Жаппарқұл 20 млн-ға жуық қарызға кірген. Сол борышын өтеу үшін негізгі жұмыстан бөлек базарда шағын нүкте ашқан.

Қазір Жазира Жаппарқұл №20 ауыр атлетикадан олимпиада резервінің спорт мектебінде директордың орынбасары қызметінде. Журналист Ақырыс Сейітқазының сөзінше, сұхбат шыққаннан кейін Шымкент спорт басқармасынан Жазира Жаппарқұлға хабарласып, жұмысынан кетуді талап еткен.

Тілшінің жазбасынан кейін іске Туризм және спорт министрлігі араласып, спортшымен байланысқанын хабарлады.

«Бұл жағдай министрліктің тікелей бақылауында. Жазира Жаппарқұлдың қазіргі әлеуметтік және кәсіби жағдайы біз үшін аса маңызды. Министрлік спортшылардың құқықтары мен әл-ауқатының сақталуын басты назарда ұстайды. Жазирамен байланыс орнатылып, жағдай жан-жақты қарастырылатын болады. Министрлік әрбір спортшының жағдайын жіті назарда ұстайды», – деп хабарлады ведомстводан.

Осыдан кейін Шымкент спорт басқармасы ауыр атлетшіге қысым жасалғанын жоққа шығарды.

«Жазира – еліміздің мақтанышы, спорттағы жетістігімен де, қызметтегі еңбегімен де елге үлгі. Қазіргі уақытта ол №20 ауыр атлетикадан олимпиада резервінің спорт мектебінде директордың орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді. Алып-қашпа әңгімеге сенбеңіздер. Біз спортшыларымызды әрдайым қолдаймыз», – деп жазылған басқарма таратқан ресми хабарламада.

Жазира Жаппарқұл – жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, ересектер арасында әлем біріншілігінің, 2016 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері.