Банк пен қаржы

БЖЗҚ Израильдің мемлекеттік қарызына 7,5 млрд теңге инвестициялады

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) мамырдың екінші жартысында Израильдің мемлекеттік қарызына 7,5 млрд теңге инвестиция салған. Ұлттық банктің қазіргі курсымен есептегенде 14,9 млн долларға тең. Бұл жайлы қордың инвестпортфеліндегі есебінде жазылған.

БЖЗҚ облигациялары үш траншпен алынған. Әрқайсысына шамамен 2,5 млрд теңгеден төлеген. Барлық қаржы он жылдық облигацияларды сатып алуға бағытталған.

Бұл қағаздардың купондық мөлшерлемесі – 5,625%, купон төлемі жылына екі рет жүргізіледі. Облигациялар 2035 жылғы ақпанда өтелуі тиіс. Олар номиналынан төмен бағамен (98,01%) орналастырылған.

Қор алғашқы екі траншты бір күнде – 2025 жылғы 15 мамырда жүзеге асырды. Business Insider дерегінше, сол кезде облигациялар номинал құнының 98,3%-мен (1000 доллар) сатылған. Үшінші транш 23 мамырға келді, бұл күні қағаздар бұдан да төмен бағамен – номиналдың 97,46%-мен сатылған. Ал 2025 жылғы 7 шілдедегі жағдай бойынша облигациялар қымбаттап, номиналдан жоғары – 101,66% бағамен саудаланып жатыр.

2025 жылғы мамырда БЖЗҚ-ның Израиль мемлекеттік қарызына салған инвестициясының жалпы көлемі 20,2%-ға артып, 37,3 млрд теңгеден 44,3 млрд теңгеге жетті (ай ішіндегі баға өзгерістерін ескере отырып).

Еске салайық, осы жылы 13 маусымда Израиль Иранға шабуыл жасады. Тель-Авив Иранның ядролық және әскери нысандарына жүздеген баллистикалық зымыран жіберді. Нәтижесінде бірнеше қалада инфрақұрылым бұзылып, адамдар қайтыс болды. Олардың арасында Иранның әскери жетекшілері де бар.

Бірнеше күннен кейін шиеленіске АҚШ араласып, Иранның ядролық нысандарына зымыран жіберді. Ал 24 маусымда Дональд Трамп екі ал арасындағы атыс тоқтайтынын мәлімдеді.