
Halyk Bank «Астана» халықаралық қаржы орталығының AIX биржасына 500 млн долларға тең борыштық міндеттемелерді орналастырады. Бұл жайлы биржа сайтындағы хабарламада жазылған.
Облигациялар саны – 5000 дана, әрқайсысының номиналы – 100 мың доллар. Купондық мөлшерлеме – 3,5%, өтеу мерзімі – екі жыл, яғни 2027 жылғы шілдеге дейін. Купон төлемдері жарты жыл сайын жүргізіледі.
Бұл шығарылымның шарттары 2025 жылғы 30 мамырда орналастырылған алдыңғы транштармен ұқсас. Сол кезде банк 300 млн және 500 млн доллар көлемінде облигация шығарған. Банк мәліметінше, бұл қарыз алудың мақсаты – жалпы корпоративтік міндеттерді орындау, соның ішінде қаржыландыру көздерін әртараптандыру.
Бұған дейін, 20 мамырда банк 3,5% мөлшерлемемен 200 млн доллар көлемінде екі жылдық облигациялар шығарған еді.
Еске салайық, 2025 жылғы 1 шілдеде Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда барысында Halyk Bank акцияларының бағасы 320,5 теңгеге дейін көтерілді. Бұл – 2011 жылғы шілдеден бері алғаш рет акциялардың 320 теңгеден асуы.
Ал өткен айда 2024 жылы Halyk Bank басқармасына 4 млрд теңге көлемінде төлем жасалғанын жазған едік. Бұл сомаға жалақы, еңбек демалысы мен бонустар сияқты барлық төлемдер кіреді.
2025 жылдың алғашқы тоқсанында Halyk Bank 275 млрд теңге таза пайда тапты. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың қаңтар-наурызындағы 178 млрд теңгемен салыстырғанда 54,5%-ға жоғары. Бүгінде Тимур және Динара Құлыбаевтарға тиесілі қаржы ұйымы елдегі ең табысты банктердің бірі.