
Жақында Сәкен Майғазиевтің жары Динара Майғазиева «Dinara» деген атаумен шай шығарды. Соңғы жылдары танымал тұлғалар арасында шай шығару жаңа бизнеске айналған. Жеке брендпен шай шығару қанша тұрады? Қазақстандағы шай индустриясының айналымы қандай? Толығырақ материалда ұсынамыз.
Димаш пен Төрештің шәйі
Өз брендімен шай шығаруды бастаған жұлдыздардың бірі – Димаш Құдайберген. 2018 жылы The Ritz-Carlton Almaty қонақүйінде Dimash атты шайдың тұсауын кесті. Кейін өнім еліміздің барлық қаласында сатыла бастады. Сол кезде әншінің ата-анасы Қанат және Света Айтбаевтар «егер сұраныс жоғары болса Қытайға да экспорттауға дайынбыз» деген еді.
Димаштың ізін жалғаған тағы бір жұлдыз – Төреғали Төрәлі. 2019 жылы қызының тұсаукесері мен ұлының шілдеханасына арналған салтанатты кеште тойбастарға Toresh атты шай таратты.

«Шайдың төресі – Toresh шай» деп жарнамалаған өнімді бірі қолдады, бірі сынады. «Төреғалиға шай шығару лайық емес» дегендер болды. Бірақ Димаш пен Төрештің бастамаларынан кейін жұлдыздар да бұл бизнеске келе бастады.
2023 жылы әйгілі «Келінжан» сериалының басты кейіпкерлері Айсара мен Балқияның рөлін сомдаған Дариға Бадықова мен Нұргүл Мыңғатова «Келін шай» деген брендпен жаңа өнімді таныстырды. Тіпті оның жарнамасы үшін «Келін шай» атты жаңа ән шығарды. Кейін Нұргүл Мыңғатова «Балқия» атты тағы бір жеке өнімді ұсынды.
Өз атыңнан шай шығару қанша тұрады?
Жеке бренд атынан қораптағы шай шығару нарықта әбден жолға қойылған. Ол үшін шай түрін таңдап, оны қаптап, қорабын дайындату керек. Өнім стандартқа сай деген арнайы құжат аласыз.
Алматыдағы сондай қызмет ұсынатын компанияның біріне хабарластық. 50 гр, 70 гр немесе 100 гр болсын, қалауыңызға қарай шайды қаптап, қорапқа салып, дизайнына дейін дайындап береді. Мәселен,
- 100 гр қара шайдың дайын бір қорабын 1500 теңгеге
- көк шайды 1200 теңгеге жасайды.
«Бағасы тапсырыс берген қорап санына байланысты өзгереді. 300-500 тәрізді үлкен партия жасатсаңыз, жеңілдік береміз. Ал тапсырыс беруші қорабы мен дизайнын өзі дайындап келсе, ол әрдайым арзанға түседі», – дейді компания өкілдері.
Артық шаруамен басыңызды ауыртқыңыз келмесе, идеяны дап-дайын өнімге айналдыратын компаниялар бар. «КазБад» ЖШС 2009 жылдан бері кәсіпкерлерге «Қазақстанда жасалған» деген маркамен өнім шығаруға көмектеседі. Компания шайды қораптарға да, шағын қалташаға да салып дайындайды. Одан бөлек арнайы құжат дайындауға көмек береді.
» Клиент ЖК ашып, лицензиясын алып бізге келеді, біз тауарын соңғы нүктеге дейін дайындаймыз. Кәсіпкерлерге арнайы тауар декларациясын алуға да көмектесеміз. Ол шығарылған өнім ТМД аумағындағы барлық стандартқа сай дегенді білдіреді. Нарықта оны ұсынатын жеке компаниялар да көп», – деп түсіндірді кәсіпорын өкілдері.
Ары қарай жарнамасын жасап, сату ғана қалады.
Шай шығаруда көшбастап тұрған қандай компания?
Шай – халықтың мәдени кодына айналған өнім. Артықшылығы да көп. Тез бұзылмайды, ұзаққа жарайды. Шай жас таңдамайды, кез келген қуанышқа сыйлық ретінде апаруға болады.
Қазақстанда бұл нарықтағы көшбасшы ойыншылардың бірі – «Tea House» компаниясы. 1996 жылы негізі қаланған кәсіпорын көпшілікке әйгілі «Ассам», «Индира», «Симба», «Наурыз» деген шай өнімдерін ұсынады. Шикізатты Үндістаннан тікелей жеткізеді. Құрылтайшысы – Forbes тізіміне енген, елдегі бай кәсіпкерлердің бірі – Александр Гарнер. Ол – Қазақстан мен Қырғызстанда халық тұтынатын тауарларды тарату саласында жұмыс істейтін ең ірі компаниялардың бірі — «Прима Дистрибьюшн» ЖШС-ның мажоритарлық үлес иесі.

Компания бюджетке
- 2023 жылы – 666 млн теңге,
- 2024 жылы 337 млн теңге,
- 2025 жылы бірінші есептік кезеңде 379 млн теңге салық төлеген.
Нарықтағы тағы бір ірі ойыншы – «Чайный центр» компаниясы. Rithce, «Сафари», «Той», «Табо» деген шәймен бірге кофе өнімдерін ұсынады. Кәсіпорынның көтерме сауда нүктелері де бар. Ол жерден шағын бизнес иелері шайдың кез келген түрін көтерме бағамен келілеп сатып алады.
Компания иесі Медеу Серікбаев 1990-жылдары Алматы түбінен шайды қаптайтын шағын цех ашады. Қазір кәсіпорын шай нарығының 7%-ын иеленеді. Шикізатты негізінен Кения, Үндістан, Қытай, Индонезия және Вьетнамнан әкеледі. Елдегі ҚҚС жеңілдігін иеленетін ірі өндірушілердің бірі.
Мәселен, 2024 жылы 110 млн теңге салық төлегенмен 116 млн-ы ҚҚС жеңілдігі ретінде компанияға қайтарылды. 2023 жылы бюджетке 94 млн теңге салық төлеп, жеңілдікпен 96 млн теңге қайтты.
Beta tea мен Champion-ды шығаратын кім?
Нарықтағы тағы бір ірі ойыншы – Beta Tea компаниясы. Кеңінен танымал Beta Tea, Champion шайларын, CAffito кофесі мен құрғақ сүтін өндіреді. BetaTea-ның негізгі кеңсесі Түркияда орналасқан. Одан бөлек Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей нарығында жұмыс істейді. Қазақстанда Beta tea өнімдерін «Мир.Чай» ЖШС саудалайды.
Кәсіпорын
- 2023 жылы бюджетке 45 млн теңге,
- 2024 жылы 83 млн теңге,
- 2025 жылдағы есептік кезеңде 50 млн теңге салық төлеген.
Бұл осы саладағы көшбасшылары ғана. Жалпы алғанда нарықтағы айналымы миллиардқа жеткен, бюджетке жүз миллиондаған салық төлеп отырған табысты бизнес түрі.
Егер бизнес ашуды ойлап жүрсеңіз, кәсібіңізге халал сертификат сатып алу жайлы жазған едік. Толығырақ мына жерден оқуға болады.