
Ұлттық банк сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті сауалнама нәтижесі жарияланды. Макроэкономика көрсеткіштерін болжаған мамандар инфляция күшейеді деп шешті.
Brent маркалы мұнай бағасы, Қазақстан экономикасының өсімі, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты, сонымен бірге теңге бағамы – сауалнаманың негізгі параметрі болды.
Мұнай бағасы және экономиканың өсімі
Мамандар мұнай бағасына қатысты болжам мөлшері 2025 жылы аздап төмендегенімен, 2026 және 2027 жылдары жоғары болады деп есептейді. Бір баррель қара алтын 68,5-69 доллар деңгейінде сақталады деп болжанды.
Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты болжамдар біршама жақсарды. 2025 жылғы ЖІӨ өсім бұған дейінгі 5%-дан 5,1%-ға, 2026 жылға – 4,5%-дан 4,6%-ға, ал 2027 жылға – 4,3%-дан 4,5%-ға дейін жоғарылады.
Инфляция және базалық мөлшерлеме
Сарапшылардың инфляция көрсеткішіне қатысты болжамы өзгерді: 2025 жылға 10,7%-дан 11%-ға дейін өсті, 2026 жылға – 9,4%-дан 9%-ға дейін төмендеді. 2027 жыл 6,8% емес, 7% болады деп болжанды.
Респонденттер базалық мөлшерлеме 2025 жылдың соңына дейін қазіргі деңгейде сақталады деп күтеді. Медиана 16,3%-дан 16,5%-ға дейін өсті. 2026 жылға болжамдар 14,5%-дан 14%-ға дейін, 2027 жылға – 12%-дан 11,8%-ға дейін төмендеді.
Сауалнамаға қатысушылардың құрамы
Сауалнамаға Қазақстанда макроэкономикалық көрсеткіштерді талдап, болжаумен айналысатын 16 ұйым қатысты. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кіреді. Зерттеуге қатысушылар құрамы Alatau City Bank Analytics сарапшыларымен толықты.
Атап өтетін жайт, сауалнамада Ұлттық Банктің болжамдары көрсетілмейді. Зерттеу – қазақстандық және әлемдік нарықтағы жағдайдың дамуына қатысты кәсіби нарық қатысушыларының тәуелсіз пікірі, бағалаулары мен болжамдарының жиынтығы ғана.