Қазақстан алтын сатып алудан әлем бойынша көш бастады

Әлем елдерінің орталық банктері мамыр айында 20 мың тоннадан астам алтын сатып алды. Ең көп алтын сатып алған елдердің көш басында Қазақстан тұр.
World Gold Council сайтында хабарланғандай, бір ай ішінде орталық банктер сатып алған алтын көлемі артқанымен, бұл көрсеткіш соңғы 12 айдағы орташа деңгейден төмен болып отыр.
«Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуы орталық банктер үшін алтынның стратегиялық тартымдылығын арттырған болуы мүмкін. Олар геосаяси күйзелістерден қор резервтерін қорғауға ұмтылып жатыр», – дейді WGC талдаушысы Марисса Салим.
Алтынды ең белсенді сатып алған елдер
Ең белсенді сатып алушы – Қазақстан Ұлттық банкі. Ол алтын қорын 7,4 тоннаға арттырған.
Алдыңғы қатарға енген елдер қатарында:
- Түркия – 6,4 тонна,
- Польша – 6,2 тонна,
- Қытай – 1,9 тонна,
- Чехия – 1,6 тонна,
- Қырғызстан – 1,3 тонна,
- Камбоджа – 1 тонна.
Басқа елдер 1 тоннадан аз алтын сатып алған.
Сонымен қатар алтынды ең көп сатқан ел – Сингапурдың орталық банкі болды.
WGC талдаушысы Марисса Салимның айтуынша, жүргізілген соңғы сауалнама нәтижелері орталық банктердің алдағы уақытта да алтын сатып алуды жоспарлап отырғанын көрсеткен.
2025 жылдың мамыр айында Қазақстанның жалпы халықаралық резерві 112 млрд доллардан асты. Бұл сомаға Ұлттық банктің валюта және алтын түріндегі резерві (52,3 млрд доллар) мен Ұлттық қордың валюталық активтері (59,7 млрд доллар) кіреді.