Air Astana Астанадан Бодрумға тұрақты рейс ашады

Air Astana 19 шілдеден бастап Астана-Бодрум бағыты бойынша тұрақты рейстерді орындауды жоспарлап отыр. Рейстер сәрсенбі және сенбі күндері аптасына екі рет орындалады.
«Астанадан Бодрумға ұшатын жаңа рейс Алматыдан аптасына бес рет орындалатын тікелей рейстерді толықтырып, Air Astana компаниясының Түркияға бағытталған маршруттық желісін кеңейтеді. Елордадан Бодрумға тұрақты рейстердің ашылуы жолаушыларға сапарларын ыңғайлы жоспарлауға, билеттерді қолайлы күндерге брондауға мүмкіндік береді»,– делінген хабарламада.
Әуе компаниясының мәліметінше, эконом-класс бойынша екі жаққа билет құны 304 337 теңгеден басталады. Билеттерді Air Astana-ның ресми сайтынан, мобильді қосымшасынан немесе сату кеңселерінен сатып алуға болады.
Бұған дейін бұл бағытта әуекомпания тек чартерлік рейстер орындайтын еді. Чартерлік бағдарламаның соңғы кері рейстері 19 және 23 шілдеде орындалады.
Сондай-ақ, Дубай мен Дохаға тікелей рейстер қайта орындала бастады. Air Astana 25 маусымнан бастап Таяу Шығыс елдеріне ұшатынын хабарлаған еді.