
Түркістан облысы Келес ауданындағы қазақ-өзбек шекарасындағы «Бауыржан Қонысбаев» атындағы кеден бекетінде оннан аса жүк көлігінің тұрғанына аптадан асқан. Өзбекстаннан жеміс-жидек артып келген жүргізушілер мен кәсіпкерлер тауарымыз бүлініп, ағып, шығынға баттық деп отыр.
Кеден бекетінде тұрған жүк көлігі жүргізушілерінің сөзінше, бекетте оннан аса жүк көлігі бірнеше күннен бері тұр. Кеден бекеті оларды Қазақстанға өткізгенімен, ел ішіне кіруге тыйым салған. Бірақ себебін түсіндірмеген.
«Осы жерге, бекетке кіріп келгеніме 5 күн болды. Менің таситының скарапорт. Бізді себепсіз ұстап отыр. Құжаттарымыз түгел, бәрі дұрыс. Кеден бекеті неге шығармай жатыр? Белгісіз», – дейді жүргізушілердің бірі. Екіншісі: «Менің келгеніме бір апта болды. Ауа-райы 45 градус ыстық. Тауарымыз бұзылатын болды», – дейді шырылдап.
Енді бір жүргізуші жүк көлігінің есігін ашып, онда артылған жүзім мен шабдалының бір жәшігін сыртқа шығарып жатыр. «Мынаны қараңдаршы? Мынау не деген сұмдық? Ағып жатыр. Кім жауап береді бұған? Адам жейді ғой мұны, адам», – деді.
Жүргізушілердің аптап ыстық, шіліңгір шілдеде артқан тауарымыз жарамсыз болып қала ма деп алаңдайды. Ал кәсіпкерлер шығынға баттық деп дал.
«10 күн болды. Осылай біздің жүк көліктерімізді тоқтатып тастады. 10 күн тұрған 3-4 жүк көлігін ішіндегі жүк бұзыла бастап, айқай шығарған соң жіберді. Қалғаны күн астында әлі тұр. Ішінде тек тез бұзылатын тауарлар бар. Өрік, жүзім, шабдалы, бәдірең, қызанақ сияқты жеміс-жидектер, көкөністер. Қызып, суы ағып, жеуге жарамсыз болып барады. Енді оны малға берсеңізде жемейді. Шығынға батып жатырмыз», – дейді «GLOBAL FRUITS KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Азамат Бауыржан.
«Бауыржан Қонысбаев» кеден бекеті басшысының орынбасары Дархан Байдуллаев жүк көліктерінің тұрғанына аптадан асты деген шағымды жоққа шығарады. Оның айтуынша, бекетте «GLOBAL FRUITS KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 8 жүк көлігі тұр. Жүк көлігіне тез бұзылатын жеміс-жидектер бар. Бұл көліктер бекетке кеше кірген.
«Қазіргі таңда кедендік бақылау кезең-кезеңмен жүріп жатыр. 8 жүк көлігінің біреуіне жеке тексеру тағайындалды. Яғни инспекциялық тексеру кешенінен өтетін кезде құжатында көрсетілген тез бұзылатын тауарлардың «сәйкестік емес» деген күдік тудырып, ахуалдық бақылау басқармасымен күдік мөрі басылған. Қазір кедендік жіті тексеру жүргізейін деп жатыр», – деді кеден бекеті басшысының орынбасары.
Дархан Байдуллаев Кеден кодекстінің заңнамаларына сәйкес кедендік бекет аумағына кіргізілетін кез-келген автокөлік 3-4 сағатта барлық құжаттары дұрыс болған жағдайда еш кедергісіз кедендік тазартудан өткізіледі дейді. Егер құжаттары дұрыс болмаса уақытша кеден бекеті аумағына кіргізіліп, құжаттар реттелгеннен соң шығарылады.
Құрбан айт мерекесі алдында да Сарыағаш ауданындағы «Қапланбек» қазақ-өзбек шекара бекетінде әдеттегіден көлік көбейіп, адамдардың саны артқан. Осыған орай шекарашылар күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшкен болатын.