Ақтөбеде әйелді кепілге алып, ата-анасын өлтірген ер адамға сот үкімі шықты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Ақтөбеде екі адамды өлтірген жігіт өмір бойына сотталды/коллаж kursiv.media

Ақтөбеде қызды кепілге алып, ата-анасын өлтірген ер адам өмір бойына сотталды. Қылмыстық іс  Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған.

Айта кетейік, оқиға 2025 жылдың қаңтарында болған.

Ер адам қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 1,3,5-тармақтары (адамдарды кепілге алып, аса қатыгездікпен екі адамды өлтірген), 126-бабының 2-бөлігінің 3,4-тармақтары (өмірге қауіпті күш қолданып, қаруланып, бас бостандығынан заңсыз айырған), 107-бабының 1-бөлігімен (денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтірген) бойынша айыпталды.

Сот барысында Сәрсенбек Басанов бұрынғы араздықты себеп қылып, кек алу ниетімен қыздың үйіндегі жазғы ас үйіне заңсыз кіріп, оны күтіп отырады.
Басанов сарайға қыздың анасы Ш. кіргенін көріп, оның қарт жасына қарамастан, кенеттен шабуыл жасап, өмірлік маңызды органдарына бірнеше рет пышақ сұғып, ауыр жарақаттар салған. Салдарынан Ш. оқиға орнында қаза тапқан.

Анасының жоқ екенін байқаған қыз жазғы ас үйіне барады. Сол жерде Басанов оны ұстап алып, қолын, аяғын және аузын байлап, қарым-қатынасты анықтау сылтауымен пышақ сұққан.

Кейін сарайға қыздың өгей әкесі А. келіп, Басанов оған да дереу шабуыл жасап, пышақпен және балтамен жарақаттайды. Ер адам оқиға орнында көз жұмған.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлеріне Басанов қарсылық көрсетіп, есікті ашудан және жәбірленуші қызды босатудан бас тартып, әрі қыз оған 5 миллион теңге қарыз деген талап қояды.
 
Сотталушы Басанов тағылған айып бойынша кінәсін ішінара мойындады.
 
Сот үкімімен сотталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
 

Сондай-ақ оқыңыз