«Қара сарбаз» шыбыны тағам қалдықтарын кәдеге жаратуға көмектеседі

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Қара сарбаз шыбыны тағам қалдықтарын кәдеге жарата алады/фото: Бақдәулет Патық

Қазақстанда 2021 жылы қабылданған Экология кодексіне сәйкес тағам қалдықтарын полигонға сұрыптамай көмуге тыйым салынған. Бұл туралы заңның 351-бабында көрсетілген. Алайда бұл талап әлі күнге дейін орындалмай келеді. Мұны Экология министрлігі де растап отыр. Ведомство KursivMedia сайтына ұсынған ақпаратқа сәйкес, жыл сайын елімізде 4,5-5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналады, ал оның 37%-ы – органикалық қалдықтар.

«Тамақ қалдықтарын қатты тұрмыстық қалдық полигондарында көмуге тыйым салынғанына қарамастан, өңірлерде тамақ қалдықтарын жинау және қайта өңдеу инфрақұрылымы жеткілікті деңгейде дамымаған», – деп мәлімдеді министрлік.

жыл сайын 4,5-5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналады/фото: Жібек Құсайын

Елімізде полигонның 20%-ы ғана талапқа сай

Экология министрлігінің ресми сауалға берген жауабына сәйкес, елімізде қатты тұрмыстық қалдыққа арналған 2 973 полигон бар. Бұл – 2024 жылғы көрсеткіш. Оның тек 608-і талапқа сай келеді, бұл жалпы полигонның 20,4%-ын құрайды.

Ал былтыр жиналған қоқысқа келсек, 2024 жылы жалпы ел бойынша 4,8 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналған, оның тек 25,8%-ы қайта өнделген. Ұлттық статистика бюросы сайтындағы ақпаратқа сәйкес, бұл көрсеткіш 2023 жылы – 24%, 2022 жылы 25,4% болған.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қалдықтарды басқару департаменті коммуналдық қалдықтар басқармасының басшысы Назгүл Әлімсуринаның айтуынша, қазір елімізде тағам қалдықтарын компост жасау технологиясы бойынша кәдеге жаратумен айналысатын 6 кәсіпорын бар.

«Полигондарға тамақ қалдығы жеткізілетінін мойындау керек. Толық, 100% қайта өңделіп жатыр дей алмаймыз, бұл шындыққа жанаспайды. Алайда бұл мәселені шешу мақсатында елімізде 6 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олар Ақмола, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, Қостанай облыстарында орналасқан. Жұмыс процесіне келсек, бұл кәсіпорындар тамақ қалдығын компост жасау технологиясы бойынша жұмыс істейді. Оларды тыңайтқыш ретінде шығарады. Алайда қолымызда бұл кәсіпорындарда жылына қанша көлемде қалдықтар кәдеге жаратылып жатқаны туралы ақпарат жоқ», – дейді Назгүл Әлімсурина.

Сөзінше, тағы 7 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. 2024 жылы Үкімет осы бағытта жеңілдетілген қаржыландыру механизмін бекіткен. Соның аясында жаңа кәсіпорындар Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облысында орналасады.

Қалдықтарды бөлек жинау екі бағыт бойынша жүзеге асырылады/фото: Бақдәулет Патық

Экология кодексіне сәйкес қалдықтарды бөлек жинау екі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Біріншісі – құрғақ қалдықтар. Оған қағаз, картон, металл, пластик және шыны кіреді. Екіншісі – дымқыл қалдықтар. Бұл қатарда тамақ қалдықтары, органика бар. Ал коммуналдық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау, қалпына келтіру және жою қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлерді қажет инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге жергілікті атқарушы органдар жауапты. Алайда бұл мәселені шешуге ғылыми ізденіс арқылы атсалысып жүргендер де бар.

Қатты тұрмыстық қалдыққа арналған 2 973 полигон бар/коллаж: Жомарт Қасым

Экологтар дабыл қақты

Эколог, экобелсенді Пәкизат Сайлаубекова да тағам қалдықтарына қатысты заңның орындалмай отырғанына инфрақұрылымның жоқтығы себеп болып екенін айтты.

«Тағам қалдықтарын жинайтын арнайы орын жоқ және ары қарай осындай қалдықтарды утилизация жасау немесе өңдеу шешімі жоқ. Тағам қалдықтары полигондарда шіріген кезде метан газы бөлінеді, бұл газ парниктік әсері жағынан көмірқышқыл газынан 25 есе күшті. Метанның жиналуы топырақ пен жер асты суларының ластануына да алып келеді.

Бұл зардаптар бірден емес, бірнеше жыл ішінде сезіле бастайды. Бірақ ескеретін нәрсе – экожүйеге келген зиян көбінесе қалпына келмейді. Мысалы, ауадағы метан концентрациясы артқан сайын климаттың өзгеру үрдісі үдей түседі. Сондықтан бұл тек экология емес, денсаулық пен азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі де болып отыр», – дейді эколог.

Айтуынша, қалдықтың бәрін полигонға тастаған сайын, атмосфераға бөлінетін зиянды газдардың көлемі де арта береді. Бұл тек ауыл шаруашылығы немесе өнеркәсіп саласының ғана емес, тұрмыстық деңгейдегі экологиялық мәдениеттің де әлсіздігін көрсетеді. Алайда тағам қалдықтарын қайта өңдеу жолға қойылса, климат өзгерістеріне қарсы күреске үлес қосуға болады.

«Қара сарбаз» жобасы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында тағам қалдықтарын кәдеге жаратуға бағытталған «Қара сарбаз» (Hermetia illucens) жобасы жұмыс істеп тұр. Жетекшісі – «Ғылыми-технологиялық парк» ЖШС жылыжай шаруашылығы бойынша жетекші маман-агроном Серікхан Айдарханұлы. Маманның сөзінше, шыбынның «қара сарбаз» деген түрі тағам қалдықтарын өңдеуге қабілетті.

«Қара сарбаз» жобасы жұмыс істеп тұр/фото: Бақдәулет Патық

Айтуынша, Алматыда тәулік сайын қанша тонна тағам қалдығы шығатыны туралы нақты ақпарат жоқ. Алайда жеке ізденіс барысында ай сайын қаладан кем дегенде 300-350 тонна тағам қалдығы шығатынын анықтаған. Айта кеткен жөн, бұл тек тағам қалдығы, бұдан бөлек тұрмыстық қалдықтар да бар.

«Қара сарбаз» жобасы қалай жұмыс істейді/коллаж: Жомарт Қасым

Ал бұл мәселені шешудің бір жолы – «қара сарбаз» шыбынын пайдалану. Шыбынның бұл түрі Оңтүстік Америкадан шыққан, ол тропикалық аймақта өмір сүруге бейімделген. Ал Қазақстанда ол жасанды ортада өсіріліп, тиімді мақсатта пайдаланылып келеді.

«Қазір үш бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Біріншісі – тағам қалдықтарын өңдеу. Алматы бойынша бізбен келісімге келген арнайы орындардан тамақ қалдықтарын алып кетеміз. Оны Ұлттық университет аумағында өңдеп, кәдеге жаратамыз. Бұл экологиялық мәселені шешеді. Елімізде органикалық қалдықтар ішінде тағам қалдықтарын өңдейтін зауыт жоқ. Мұндай кәсіпорын болмағандықтан, мемлекеттік органдар, мектеп пен балабақша, ауруханадан шығатын қалдықтарды малға беруге алып кетіп жатыр. Немесе тікелей қоқысқа, әрі қарай полигонға тастайды. Ол қоршаған ортаны ластап, метан газын бөледі. Ал метан газы – ең уытты газ. Ол климаттың жылынуына да әсер етіп жатыр. Түрлі аурудың пайда болуына да әкеледі», – дейді агроном Серікхан Айдарханұлы.

Мамандар жұмыс істейтін екінші бағыт – дернәсіл (личинка, құрт). Дернәсіл аналық шыбын жұмыртқасынан тағам қалдықтарын қорек ету арқылы шығады. Мамандар оны кептіріп, жем-қоспа ретінде сатады.

25 күнде дернәсіл пайда болады/фото: Бақдәулет Патық

«Қара сарбаз» шыбынын 2020 жылы Ресейден алып келдік. Басында 2,5-3 келі алдырдық, құрттың бір келісі 3 мың теңге шықты. Алғашында бір тор ішінде өсірдік. Жұмыртқаны тамақ қалдығының үстіне тастаған соң шамамен 25 күннің ішінде дернәсіл пайда болады. Осылайша тағам қалдығын жейді және әрі қарай құртқа айналады. Құрт – жануарлардың тамағына қосылатын жемтік қоспа. Құртты алып, дезинфекциялаймыз, кептіреміз, майын сығып, ұн және май аламыз», – дейді маман.

Үшінші бағыт – тыңайтқыш. Тыңайтқыш – өсімдіктерді жерде тыңайтатын қоспа. Оны ғылым тілінде зоогомус деп атайды. Бұл жерде дернәсіл тағам қалдықтарын 14-15 күн жеп болған соң артынан қара түсті иіссіз зат, яғни органикалық тыңайтқыш қалдырады.

Жұмыртқа тыңайтқышқа айналатын кезде 700-1000 есе өседі/фото: Бақдәулет Патық

«Жұмыртқа тыңайтқышқа айналатын кезде өз көлемінен 700-1000 есе өседі. Сол аралықта тағам қалдықтарын тұтынады. Жеген кезде тыңайтқыш қалады, шыбынға айналу метаболизмі тоқтайды. Тыңайтқыштың екі түрі бар. Бірі – құрғақ, екіншісі – сұйық. Оны кез келген жылыжайда, су бүрку арқылы суаратын қондырғыларда пайдалануға болады. Өсімдік түріне қарай қолдану қажет дозасы бар», – дейді Серікхан Айдарханұлы.

Агроном Серікхан Айдарханұлы жобасын таныстырып жатыр/фото: Бақдәулет Патық
«Қара сарбаз» жобасының өнімдері/фото: Бақдәулет Патық
Өсімдіктерді жерде тыңайтатын қоспа/фото: Бақдәулет Патық

Табысты кәсіпке айналдыруға болады

Оралдық Бекежан Қайырғалиев тамақ қалдықтарын кәдеге жарату кәсібімен 5 жылдан бері айналысып келеді. Жұмысын Оралда бастаған, қазір Алматыда жұмыс көлемін кеңейтіп жатыр. Айтуынша, «қара сарбаз» шыбыны жұмыртқасын Австралиядан алдыртқан. 3 грамм жұмыртқадан бастап, қазір ай сайын 1,3 тонна тағам қалдығын кәдеге жаратып отыр.

Кәсіпкер Бекежан Қайырғалиев/фото: Бақдәулет Патық

«Оралда 300 мың адам тұрады, Алматыда тұрғын саны 3 млн адамнан асады. Соған сай шығатын тағам қалдығының көлемі де үлкен. Бұл кәсіпті 2020 жылы коронавирус пандемиясы кезінде бастадық. Түзде жүргенде байқай бермейді екенбіз, үйде отырған кезде тамақ қалдығы көп шығатынын көрдік. Көшеге шығуға рұқсат берген соң тұрғындармен кездесіп, тағам қалдықтарына арналған арнайы контейнер қоятын болып келістік. Пәтерімізге алып келіп, шыбынның иісі шықпайтынын тексердік. Содан бері тоқтатқан емеспіз. Әрине, арасында білмейтініміз болды. Бәрін YouTube-тен көріп алдық. Бастапқыда небәрі 20 келі қалдық болды, ал қазір тәулігіне 1,3 тоннаға жетті», – дейді кәсіпкер Қайырғалиев.

Айтуынша, қазір Алматы облысында күніне 100 тонна тағам қалдығын кәдеге жаратуға қауқарлы нысан салынып жатыр.

«Қолданыстағы заңға сәйкес, полигон тағам қалдықтарын қабылдамауы керек. Бірақ олардың айтатын дайын жауабы бар: «ішінде не бар екенін білмейміз» дейді. Маған көлікпен алып келеді, мен қабылдап аламын дейді. Кез келген нысанда жиналатын қалдықты бөлу үшін қаладағы мейрамханалармен жұмыс істейміз. Тамақ қалдықтарын алып кеткеніміз үшін олар бізге ақша төлейді. Біріншіден, қалдық үшін ақша аламыз. Екіншіден, өңдеп, ұн шығарамыз. Оны «қара сарбаз дернәсілінен алынған ұн» деп атайды. Құртты құс фабрикаларына сатамыз. Үшінші жолы – гумус, яғни тыңайтқыш. Оны жылыжайы бар кәсіпкерлер сатып алады», – дейді ол.

«Қара сарбаз» шыбынын косметика жасауға пайдалануға болады/фото: Бақдәулет Патық

Бекежан Қайырғалиев бұдан бөлек «қара сарбаз» шыбынын косметика жасауға пайдалануға болатынын айтады. Сөзінше, қазір бір жоба тестілеу сатысында тұр.

«Дернәсілдің ішінде май болады. Оны косметика жасауға пайдалануды жолға қойып жатырмыз. Келісімшарт ретінде жұмыс істейміз, яғни біз тек май ұсынамыз. Жарақатты емдейтін қолға арналған крем, тері қабынуына қарсы (псориаз) крем және өкшеге арналған крем тестілеу режимінде шығарылып жатыр», – дейді ол.

Мақсат – айына 100 тонна қалдықты кәдеге жарату

Агроном Серікхан Айдарханұлы жетекшілік ететін жоба аясында ай сайын 15 тонна тағам қалдығы кәдеге жаратылып келеді. (Бұл бастапқыда айтқан Алматыдан шығатын ай сайынғы 350 тонна тағам қалдығының 4,2%-ы). Мұны 200 шаршы метр жерде іске асырған. Қазір жұмыс көлемін азайтып, басқа нысанға көшуге дайындалып жатыр. Сол арқылы кәдеге жарайтын тағам қалдығы көлемі де артатынын айтады.

«100 келі құрт өсірсеңіз, оның 5 пайызы ғана аналық ретінде алып қаласыз. Қалғанын кептіріп, майын сығып, жемтік қоспа, ұнын алуға болады. Мұндай өнеркәсіп қала сыртында, тұрғын үйден алыс жерде орналасуы керек. Соған байланысты кәсіпорынды ҚазҰУ ғимаратынан басқа жаққа көшіреміз. Шыбындарға, өңдеуге байланысты ветеринарлық-санитарлық қадағалау қорытындысы бар. Яғни, ешқандай қоршаған ортаға зияны жоқ. Сондай-ақ бұл бұрын-соңды Қазақстанның тауар айналымына енбеген екен, оның да құжатын алып, патенттедік», – дейді Айдарханұлы.

Енді тағам қалдығын кәдеге жаратудан түсетін шығын мен табысты есептеп көрейік. Құртты кептіретін құрылғыны Қытайдан алса, бағасы шамамен 1,5-2 млн теңге тұрады. Ал өнімді зоодүкендер, қырғауыл, тауық, кесіртке, тотықұс, балық асырайтындар тұтынады. 100 грамы – 1 000 теңге. Құс шаруашылығы үшін басқа баға қойылған. Келісі шамамен 2 000 теңге болады.

Ал тыңайтқышты сатып алатын − ауыл шаруашылығы саласының өкілдері, жылыжай өсірушілер. Одан бөлек ауыл шаруашылығында тамшылап суару әдісін қолданатын фермерлер. Бір литр тыңайтқышты 100 литр суға араластырып қолданады. Тікелей қосса, өсімдікті күйдіріп жібереді. Бір литрдің бағасы – 1 000 теңге.

Серікхан Айдарханұлының айтуынша, бір балабақша немесе мейрамханадан айына шамамен 1-1,5 тонна тағам қалдығы шығады. Аумағы үлкен болса, 2,5-3 тоннаға дейін барады.

«Бізде бірнеше келісімшарт бар, соның бірі – физика-математикалық мектеппен арадағы келісім. Айына бұл мектепте 3 тоннадан аса тамақ қалдығы жиналады. Тағам қалдығын алып кеткеніміз үшін бізге ақша төлейді. Құнына келсек, бір келісі – 25-33 теңге аралығында есептеледі. Келесі мақсат – айына 100 тонна тағам қалдығын кәдеге жарату. Өнеркәсіпті қала сыртына шығарған соң оған бизнес жоспарымыз дайын тұр. Ол жерде алдымен 100 тонна, содан кейін 300-400 тоннаға көтеріле аламыз. Егер 100 тонна тағам қалдығын кәдеге жаратуға қауқарлы болса, келешекте Алматыны түгел қамти аламыз», – дейді ол.

мейрамханадан айына шамамен 1-1,5 тонна тағам қалдығы шығады/фото: Жібек Құсайын

Ал кәсіпкер Бекежан Қайырғалиев тамақ қалдығын алып кеткені үшін алатын ақының арнайы тариф жоқ екенін айтады.

«Арнайы контейнер қойып, орнына тазасын қойып кетеміз. Бір контейнерді мың теңгеге қоямыз, оның ішінде 40 келі тамақ қалдығы болады. Күн сайын таңғы 8-ден түнгі 3-ке дейін қала бойынша көлік қатынайды. Қазір 86-87 мейрамханамен жұмыс істеп жатырмыз. Ол қаланың әр жерінде орналасқан. Жұма-жексенбі арасында қалдық та көп болады», – дейді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, «қара сарбаз» шыбынын қолдану арқылы экологияға үлес қосуға және пайда табуға болады. Себебі шыбыннан тағам қалдықтарын кәдеге жаратып, қайта ұшып шығуға бір айға жуық уақыт кетеді.

Айына 1,3 тонна тағам қалдығын кәдеге жарату арқылы айына 1,5 тонна ұн, 200 келі май және 15 тонна тыңайтқыш алуға болады.

Экология министрлігі 2024 жылы Үкімет коммуналдық қалдықтарды басқару жобаларын (қоқыс таситын көлік, сұрыптау құрылғысы, қайта өңдеу қуаты) жеңілдетілген қаржыландыру тетігін бекіткен. Ал «Қара сарбаз» жобасын министрлік қарастыруға, оның ішінде тамақ қалдықтарын қайта өндеу тәжірибелерін жан-жақты қарап, талқылауға дайын екенін жеткізді.

Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab II жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді

Айгерім Таубай

Сондай-ақ оқыңыз