Алаяқ туроператорлардың құрбаны болмас үшін не істеу керек

Жаз мезгілде туроператорлар қызметі танымал болғандықтан, бұл салада алаяқтар да белсенді әрекет етеді. Fingramota.kz порталы нағыз туроператорды жалғанынан қалай ажыратуға болатынын әрі алаяқтардан қорғану жолдарын айтып берген.
Қостанайлық алаяқтың құрығына Ресей азаматтары да түсіп қалған
Мамыр айының соңында Қостанайда турагент 55 миллион теңгеге жуық қаражатты иемденгені туралы алаяқтық ісі қарала бастады. Әйел адам Түркия, Тайланд, Вьетнам, Мысыр және басқа да танымал бағыттарға «тур сатқан», бірақ ештеңе брондамаған – жай ғана ақшаны жинап отырған. Кейбір сатып алушылар алданып қалғанын дәл ұшар күні біліп, демалыссыз әрі ақшасыз қалды. Кейбірі тіпті турды төлеу үшін несие рәсімдеген. Бұл іске тек Қостанай облысының тұрғындары ғана емес, Ресей азаматтары да жәбірленуші ретінде танылған.
Алаяқтар қалай жұмыс істейді
Көп жағдайда алаяқтар өздерін төмендегідей кейіпте көрсетеді:
- Турфирма ретінде – сайт немесе әлеуметтік желі парақшасын жасап, танымал агенттіктердің логотипін көшіруі мүмкін, осылайша сенімге кіреді;
- Жеке менеджер ретінде – «арзан тур» ұсынып, әрине, ресми келісімшартсыз жұмыс жасайды;
- Жалған кеңесші ретінде – мессенджерлер арқылы жаппай хабарлама таратып, төмен баға мен тез рәсімдеу уәде етеді.
Мұндай алаяқтарды мына белгілерінен тануға болады:
- толық немесе ірі көлемде алдын ала төлем талап ету;
- ақшаны компания шотына емес, жеке тұлғаның картасына аударуды сұрау;
- барлық мәліметтер, сома, тараптардың жауапкершілігі мен форс-мажор жазылған ресми келісім-шарттың болмауы.
Тур алғанда неге мән беру керек
Турфирманы тексеріңіз. Лицензияларының барына көз жеткізіп, турфирма туралы пікірлерді оқып шығыңыз. Байланыс нөмірлері мен заңдық мекенжайын тексеріңіз.
Төлемді тек компания шотына жасаңыз. Тур үшін төлем жасағанда қаражатты жеке тұлғаның картасына емес, компания шотына аударыңыз.
Құжаттарды жоғалтпаңыз. Келісім-шартты, чектерді, компания өкілдерімен жазысқан хаттарды өшірмеңіз. Бұл нәрселер полиция немесе сотқа жүгінгенде керек болуы мүмкін.
Келісім-шартпен жақсылап танысыңыз. Қайтару шарттарына, сақтандыруға, тур болмай қалғандағы айыппұлдарға мән беріңіз.
«Тиімді ұсыныстарға» екі шұқып, бір қараңыз. «Тек бүгін ғана», «соңғы мүмкіндік» деген сияқты сөздерді көп жағдайда алаяқтар клиентке қысым жасау үшін жиі қолданады.
Бұған дейін, саяхатта сақтанатын алаяқтық түрлері мен ешқашан саяхаттамаған адамға қай елден бастаған дұрыс екенін жазғанбыз.