БҚО-да киік ату басталды

Батыс Қазақстан облысы аумағында киік санын реттеу жұмыстары ресми түрде басталды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Реттеу жұмыстары 30 қарашаға дейін жалғасады.
«Киік популяциясын реттеу – табиғи тепе-теңдікті сақтау, жайылым жерлерге зиян келтірмеу және ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғау мақсатында ұйымдастырылып отыр», – деп түсіндіреді әкімдік.
Киік санын реттеу жұмысына 40-қа жуық маман тартылып, 4 арнайы бригада жасақталған. Әр бригада 3 техникамен қамтамасыз етілген, жалпы саны 12 техника жұмылдырылған.
Әкімдік 2025 жылы жүргізілген авиациялық есеп нәтижесінде Батыс Қазақстан облысы аумағында киіктердің жалпы саны 2,3 млн басқа жеткені анықталғанын айтады. Ғалымдар әзірлеген биологиялық негіздемеге сәйкес, популяцияға залал келтірмей, оның тек 20 пайызына, яғни 460 мың басқа дейін реттеу жүргізу жоспарланып отыр.
«Ауланған киік еті арнайы белгіленген ет өңдеу кәсіпорындарына жеткізіледі. Атап айтқанда, бұл өнімдерді «Кублей» ЖШС, «Жеңіс» ЖК, «Батыс-Нық» ЖШС және «Хаиров» ЖК қабылдайды. Болашақта тағы басқа ет комбинаттарының да бұл іске атсалысуы жоспарланып отыр», – деді БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов.
Мамандардың айтуынша, киік популяциясының бақылаусыз көбеюі ауыл шаруашылығы жерлеріне елеулі зиян келтіріп, экожүйеде теңгерімсіздікке әкелуі мүмкін.
Бұған дейін, Оралда ғалымдар ақбөкен етінен шұжық жасай бастағанын жазғанбыз. Оның алдында 800 мың бас киік етке өткізілуі мүмкін екені хабарланған.
Сондай-ақ 1 млн киік Ресейге ауып кеткен, көрші ел оларды ату туралы шешім қабылдаған.
Одан бөлек, Қазақстан Қытайға 1,5 мың киік сыйлағалы жатыр.