Қазақстандық бойжеткен Камбоджада құлдыққа түсе жаздады

Ішкі істер министрлігі ведомствоға қарасты Интерпол қызметі ел азаматын еңбек құлдығына түсу қаупінен құтқарғанын хабарлады.
Оқиғаның мән-жайы
Қазақстандық қыз Камбоджа Корольдігіне қонақүй әкімшісі ретінде жұмысқа орналасу мақсатында ұшып барған. Алайда шет елге келгеннен кейін ұсыныстың артында басқа нәрсе тұрғаны белгілі болады. Ол еңбек құлдығына тартылу қаупіне тап болған.
Оқиғаға жедел ден қойған Қазақстан ІІМ Интерполы Камбоджадағы Интерполдың Ұлттық орталық бюросына және Интерпол Бас хатшылығының адам саудасына қарсы күрес тобына ресми сұраныстар жолдаған.
Шетелдік әріптестермен үйлесімді әрекет пен жедел байланыс нәтижесінде қыз дер кезінде құтқарылып, аман-есен елге қайтарылған. Қазіргі уақытта қазақстандық аруды шетелге жұмысқа орналастыру ұсынысымен алдап, заңсыз еңбекке тартуға әрекеттенген адамдарды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Халықаралық ынтымақтастық
Министрлік бұл оқиға адам саудасымен күрестегі халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігін көрсеткенін атап өткен. Бұған дейін ішкі істер министрі Ержан Саденов Францияның Лион қаласындағы Интерпол штаб-пәтеріне жұмыс сапарымен барған. Сапар барысында халықаралық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған кездесулер мен келіссөздер жүргізілген. Сондай-ақ Қазақстан Интерполдың адам саудасына қарсы «Либертерра II» операциясына қосылған. Аталған операция барысында Лаос еліне жұмысқа тұру мақсатымен барып, бірақ еркінен тыс ұсталған тағы бір қазақстандық қыз құтқарылып, елге қайтарылған.
ІІМ ескертуі
Полиция еңбек құлдығы шетелдегі жұмыс туралы «тартымды» ұсыныстардан басталуы мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан әрдайым жұмыс беруші туралы ақпаратты тексеріп, ресми дереккөздерден ақпарат жинауға шақырады.
Бұған дейін, Ішкі істер министрлігі мен Қаржы мониторингі агенттігі қаржылық схемаларды бірлесе ашуға келіскен.