Qurt деген лақап атпен белгілі рэпердің әйелі күйеуінен зорлық көргенін мәлімдеді

Qurt деген лақап атпен өнер көрсететін рэпер Дамир Қойшыбаевтың әйелі Аружан Қойшыбаева күйеуі соққыға жыққанын мәлім етіп, көгерген санының суретін жариялады.
Аружан Қойшыбаеваның айтуынша, 27 маусым күні күйеуі өзін таңғы сағат 10 шамасында белдікпен бір сағат бойы ұрған.
«Белдік үзіліп қалғаннан кейін, басқа белдікпен ұруын жалғастырды. Мен пәтерден жүгіріп шыға алмай қалғандықтан, айқайлай бастадым. «Көмектесіңіздер, құтқарыңыздар, мені өлтіріп жатыр» деп айқайлаған даусымды естіген көршілер сыртқа шығып, мені құтқарып қалды», – деп жазды рэпердің әйелі.
Ол күйеуін қатты жақсы көргендіктен бұл жағдайды жария етуге қорыққанын, алайда күйеуінен еш өкініш көрмегенін айтады.
«Денемдегі соққы іздері тіркелді, ертең арыз жазылады. Ол достарымен бірге келіп, мені видеоға түсіріп, «оған еш шағымым жоқ» деп айтқызуға мәжбүрледі. Кейбір достары маған қоқан-лоқы көрсетуде. Не істерімді білмей отырмын», – дейді Аружан Қойшыбаева.
Қойшыбаева адвокат жалдау үшін көмек сұрауға мәжбүр екенін айтып, Kaspi нөмірін жариялап қойған: +7 708 100 97 19 – Аружан Қ.
Рэпердің өзі әйелінің айтқандарына байланысты пікір білдірмеді.
Көктемде белгілі актер Шәріп Серік жүріп жүрген қызына қол көтеріп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 1-бөлігі (отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар) бойынша 5 тәулікке қамалған. Артынша актермен келісім-шарт жасасқан компаниялар онымен жоспарланған жобаларын тоқтатып, кәсіби қарым-қатынасын үзген.