Шымкентте «Ansar Gold» қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды

Қаржылық мониторинг агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті өздерін зергерлік бұйымдар сатумен айналысатын компания ретінде таныстырған «Ansar Gold» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатқанын хабарлады.
Күдіктілер салымшыларға 5 ай ішінде салынған қаражаттың 40–60%-ы көлемінде ай сайын табыс түсетінін және негізгі капиталдың сақталуына кепілдік берілетінін уәде еткен.
Алайда, іс жүзінде төлемдер тауар сатуынан түскен табыстан емес, жаңа қатысушылардың салымдары есебінен жүзеге асырылған.
Нәтижесінде бұл қаржы пирамидасына 200-ден астам адам тартылып, 400 млн теңгеден астам қаражат салынған.
Сонымен қатар, күдіктілер өздерінің туыстарын «дроп» ретінде тартып, олар арқылы басқа қатысушылардан түскен ақшаны қолма-қол шешу үшін олардың банк карталарын пайдаланған.
Қаржы пирамидасын ұйымдастырушы қамауға алынып, қазіргі уақытта оған тиесілі автокөлік пен тұрғын үйге шектеу қойылған.
Бұған дейін, Шымкентте «Mooni Gold» қаржы пирамидасын құрғандар ұсталған болатын.