NU, KIMEP, ҚБТУ мен ҚазҰУ: Қазақстанның ірі университеттеріндегі оқу ақысы қанша

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қазақстанның үздік университеттеріндегі оқу ақысы қанша / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда университетте білім алу қанша тұрады? 2025–2026 оқу жылында елдегі жоғары оқу орындарында бакалавриат бойынша оқу ақысы 500 мыңнан 7,6 миллион теңгеге дейін жетеді. Ең қымбаты Астанадағы Nazarbayev University: мұнда бір жылдық оқу ақысы 7,6 млн теңге.

Қазақстанда жоғары білім алуға төленетін ақы жыл сайын өзгеріп отырады. 2025–2026 оқу жылында бакалавриат бағдарламалары бойынша баға университеттің мәртебесіне, мамандықтың бағытына және орналасқан қаласына қарай әртүрлі деңгейде белгіленген. Бұл мақалада елдегі ең үздік университтердегі ақылы оқу ақысына шолу жасалған.

Назарбаев Университеті (NU)

Назарбаев Университеті 2025–2026 оқу жылында еліміздегі ең қымбат оқу орны болып отыр. Университеттегі бакалавр бағдарламасының жылдық ақысы –15 000 АҚШ доллары немесе шамамен 7 665 000 теңге. «Мейіргер ісі» бакалавриат бағдарламасы үшін оқу ақысы бір оқу жылына 3 066 000 теңгені құрайды. Үздік түлектердің Абай Құнанбаев атындағы стипендияға қатысуына мүмкіндігі бар.

NU-дің ерекшелігі – ағылшын тілінде оқытылатын, халықаралық деңгейдегі оқу бағдарламалары. Университет студенттерден IELTS (кемінде 6.0) немесе TOEFL нәтижелерін талап етеді.

KIMEP University

Алматы қаласындағы KIMEP университетінде оқу ақысы оқу кредиті арқылы есептеледі. 1 кредит құны 145 мың теңгеден басталады, ал бакалавриат студенттері жылына 30–36 кредит оқиды. Соған сәйкес, оқу ақысы 4,3 млн теңгеден бастап, 5,3 миллион теңгеге дейін жетеді.

KIMEP-те оқу ақысы бір жылда 15 пайызға қымбаттаған. Алайда университет студенттері оқу ақысының күрт қымбаттауына наразылық білдірді. Олардың айтуынша келісімшарт негізінде оқу ағысы бір жылда 10 пайыздан артық қымбаттамауға тиіс болған.

ҚБТУ

Ағылшын тілінде білім беретін «Қазақ-Британ техникалық университетіндегі» оқу ақысы таңдаған мамандық пен бағдарламаға байланысты. Бір кредит құны 35-40 мың теңге аралығында.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

ҚазҰУ-да бакалаврда оқу ақысы мамандыққа байланысты 500 мыңнан басталып, 1,7 млн теңгеге дейін жетеді. Мейірбике ісі мамандығы – ең арзаны (500 мың теңге). Басқа мамандықтар бойынша оқу ақысы 1,1-1,4 млн теңге айналасында, ҚазҰУ-да заңгер мамандығына ақылы түрде түссең, жылына 1,7 млн теңге төлеу керек. Ал стоматологтарды жылына 1,6 млн теңгеге оқытады.

Satbayev University

Қаныш Сәтбаев атындағы университетте ақылы оқу бағасы 905 мың теңгеден басталып 1,3 млн теңгеге дейін жетеді. Бір кредит құны 15-21 мың теңге аралығында. Көлік қызметі, цирфлық логистика, бизнес-инжиниринг бағытында жылына 905 мың теңгеге білім алуға болса, сomputer Science, ақпараттық жүйелер мен қауіпсіздік саласының мамандарын дайындау жылына 1,3 млн теңгені құрайды.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ

Астанадағы ең ірі ЖОО-ның бірі – Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ педагог, журналист, заңгерлер мен инженерлер т.б. мамандарды дайындайды. Педагогикалық ғылымдар бағытындағы оқу ақысы 1 млн 350 мың теңгеден басталса, халықаралық қатынастар мен қызметтер бағытында білім алғысы келген студент жылына 1 млн 550 мың теңге төлейді.

SDU University

SDU-да да оқу ақысы таңдалған мамандыққа қарай жылына 1 млн теңгеден басталып 2,4 млн теңгеге дейін жетеді. Бастауыш сынып мұғалімдерін жылына 1 млн теңгеге оқытады. Ал журналистика, қолданбалы психология және құқық мамандығына түскен студенттердің оқу ақысы орта есеппен 1,3 млн теңгені құрайды. Ал осы ЖОО-да ақылы түрде экономика мен менеджменті меңгерем, диджитал маркетинг маманы болам дейтін түлектер жылына 2,2 млн теңге төлейді.

Абай атындады ҚазҰПУ

ҚазҰПУ-дың 2025-2026 оқу жылына ақысы шықпаған, ал былтыр педагог мамандарды дайындау құны 900 мың теңгеден басталса, өнер мен ақпараттық технологиялар мамандығына студенттер 1,13 млн теңге төлеген.

NarXoz University

«Нархоз» университетіндегі 2025-2026 оқу жылындағы баға таңдалған бағдарлама мен академиялық кредит санына байланысты. Былтыр 1 кредит құны 21,6 мың теңгеден басталып, 38 мың теңгеге жеткен. Бір оқу жылында студенттер 62-70 кредит оқиды. Соған сәйкес, орта есеппен бір жылдық оқу ақысы 1,3 миллионнан 1,86 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Қазақ ұлттық медицина университеті

С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде 2025-2026 оқу жылында:

  • Стоматология – 2,1 млн теңге;
  • Жалпы медицина – 1,25 млн теңге
  • Фармация – 1,45 млн теңге
  • Мейірбике ісі – 1,2 млн теңге тұрады.

Бұл салада ең қымбат мамандық – стоматология. Басқа да медициналық университеттерде оқу ақысы 900 мыңнан 1,6 миллион теңгеге дейін жетеді.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл мемлекеттік жоғары оқу орындарындағы оқу ақысы қымбаттамайды деп мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз