
Жол-көлік оқиғасына тап болу – әрдайым уайым тудыратын күрделі жағдай, әсіресе, жаңадан көлік тізгініне отырған жүргізушілер үшін қиын. Мұндайда бастысы сабыр сақтап, нені бірінші істеп, нені кейінге қалдыруға болатынын білу керек. Дұрыс әрекет ету – қосымша қиындықтардан құтылуға, құқықтарыңызды қорғауға көмектеседі.
Тоқтап қауіпсіздікті қамтамасыз етіңіз
Егер сіз жол апатына тап болсаңыз, ең алдымен, көлікті дереу тоқтатыңыз. Жеңіл-желпі жол көлік оқиғасы болған күннің өзінде қозғалысты жалғастыруға болмайды. Қазақстанның жол ережесіне сәйкес, жүргізуші оқиға орнында көлікті тоқтатып, апаттық жарық сигналын қосып, жолға апаттық тоқтау белгісін қоюы тиіс. Бұл жолдағы басқа адамдардың қауіпсіздігі мен басқа апаттардың алдын алу үшін маңызды.
Жарақат алған адамдардың бар-жоғын тексеріңіз
Тоқтаған соң жағдайды бағалаңыз. Зардап шеккендер бар ма? Егер біреу жарақат алған болса, тіпті жеңіл жарақат болса да, 103 нөмірі бойынша жедел жәрдем шақырыңыз. Көмек келгенше, қолыңыздан келгенше алғашқы медициналық көмек көрсетіңіз. Бірақ адамның жағдайы қауіпті болса, оны орнынан қозғауға болмайды – өрт немесе жанармайдың төгілу қаупі болмаса, қозғалыс қосымша зиян келтіруі мүмкін.
Оқиға орнын суретке түсіріп алыңыз
Егер барлығы аман-есен болса, оқиғаны зерделеуге кірісіңіз. Жол апаты орнында дәлел ретінде барынша көп фото мен видео түсіріп алыңыз. Тек көліктегі зақымдарды ғана емес, сонымен қатар көліктердің орналасуын, жол белгілерін, бағдаршамдарды, тежегіш іздерін түсіріңіз. Жүргізуші куәліктерін, көлік құралын тіркеу куәліктерін және сақтандыру полистерін де ұмытпаңыз. Бұл кейін құжат толтырғанда немесе сақтандырумен даулы жағдай туындағанда көмектеседі.
Жол апатын полициясыз ресімдеуге бола ма?
Келесі қадам – полиция шақырмай-ақ апатты рәсімдеуге бола ма, соны анықтау. Ол үшін елімізде «Еурохаттама» енгізілген. Бұл жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда полицияның қатысуынсыз, оқиғаға қатысушылардың өзара толтырып, қол қоятын арнайы құжаты. Қазақстанда бұл механизм 2021 жылдан бастап енгізілген және қазіргі таңда кейбір жағдайларда ЖКО-ны қарапайым әрі жылдам рәсімдеудің тиімді жолы ретінде қолданылады.
Қазақстанда бұл мынадай жағдайда іске асырылады:
– оқиғаға екі көлік қана қатысса,
– зардап шеккендер болмаса,
– шығын мөлшері 393 мың 200 теңгеден (100АЕК) аспаса,
– және екі тарап та оқиғаның қалай болғанымен және кінәлінің кім екенімен келіссе.
Бұл жағдайда арнайы жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама толтырылады – онда оқиға жағдайы, сызба және жүргізушілердің қолдары қойылады. Әр жүргізуші кейін өз сақтандыру компаниясына жеке барып, құжат тапсырады.
Қашан полиция шақыру қажет?
Екінші жүргізушімен келісімге келе алмасаңыз, ол дөрекілік танытып жатса, кінәсін мойындамаса, сақтандыруы болмаса немесе апатқа екіден көп көлік қатысса – міндетті түрде полиция шақырыңыз.
102 нөміріне хабарласып, инспекторлардың келуін күтіңіз. Олар келгенше көлікті қозғалтпаңыз, сынықтарды тазаламаңыз және оқиға орнын өзгертпеңіз – бұл тергеу барысына әсер етуі мүмкін.
Полиция не істейді?
Полиция келген соң жол апатының сызбасын салып, хаттама толтырып, түсініктеме алады. Сізге талон-хабарлама беріледі – бұл кейін сақтандыру компаниясына тапсыратын ресми құжат. Оған өз фотоларыңызды, құжат көшірмелерін, егер бар болса, бейнетіркегіштегі жазбаларды тіркеңіз.
Сақтандыру компаниясына неғұрлым тезірек жүгініңіз
Осыдан кейін, мүмкіндігінше 1-2 күн ішінде сақтандыру компаниясына жүгіну қажет. Заң бойынша сізде өтініш беру үшін 15 күнтізбелік күн бар, бірақ барынша ертерек тапсырған дұрыс. Неғұрлым тез құжат тапсырсаңыз, соғұрлым жылдамырақ төлем аласыз немесе жөндеу орнына жолдама беріледі.
Егер кінәлі жүргізуші қашып кетсе
Кінәлі жүргізуші оқиға орнынан қашып кетсе, оның көлігінің нөмірін, маркасын, түсін, қай бағытта кеткенін барынша тез есте сақтауға немесе жазып алуға тырысыңыз. Куәгерлер болса – байланыс нөмірлерін жазып алыңыз. Міндетті түрде полицияға хабарлап, барлық ақпаратты беріңіз. Егер жеткілікті көлік болса, кінәлі адамды жылдам табуға болады және ол заң жүзінде жауапқа тартылады.
Кінәлі тарап табылмаса
Жол апатына кінәлі жүргізуші табылмаса, шығынды Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры арқылы өтеуге болады. Бұл қор дәл осындай жағдайлар үшін жұмыс істейді. Ол үшін оқиғаның болғанын және сіздің кінәсіз екеніңізді растайтын дәлелдер қажет.
Егер кінәлі жүргізушінің сақтандыруы болмаса
Кінәлі тараптың сақтандыру полисі болмаса, бұл заң бұзушылық. Мұндай жағдайда сізге материалдық шығынды тек сот арқылы өндіріп алуға тура келеді. Талап арыз жазып, барлық дәлелдерді жинап, шығынды өтеуді сұрайсыз.
Егер сіз жол апатына тап болсаңыз – саспаңыз. Сабырмен және рет-ретімен әрекет етіңіз: тоқтаңыз, қауіпсіздікті қамтамасыз етіңіз, жарақат алғандар бар-жоғын анықтаңыз, оқиғаны фото және видеоға түсіріңіз, полиция шақыру қажет пе – соны шешіңіз, кейін сақтандыру компаниясына жүгініңіз. Ең бастысы – көлік ішінде әрдайым мына заттар болуы керек:
- жүргізуші куәлігі,
- көлік тіркеу құжаты,
- сақтандыру полисі,
- апаттық тоқтау белгісі,
- дәрі қобдишасы,
- видеотіркегіш және жол-көлік оқиғасы туралы хабарламаның бланкісі мен қалам.
Еске сала кетсек, бұған дейін «Еурохаттаманың» артықшылықтары мен кемшіліктерін талдаған едік. Бұл жүйе арқылы берілетін сақтандыру өтемақысының ең жоғары сомасы – 100 АЕК-тен (2025 жылы 393 200 теңге) аспайды.