«Ливерпуль» Диогу Жота ойнаған 20-нөмірді енді ешкімге бермейді

Ағылшынның әйгілі «Ливерпуль» футбол клубы португалиялық шабуылшы Диогу Жотаға құрмет ретінде оның 20-нөмірін мәңгілікке ойыннан алып тастады. Бұл шешім футболшы мен оның інісі Андренің Испанияда жол апатынан қаза табуына байланысты қабылданды.
«Ливерпуль» футбол клубы Диогу Жота ойнаған 20-нөмірді ресми түрде ойыншылар қатарына енді берілмейтін нөмір ретінде жариялады. Бұл шешім футболшының клубқа сіңірген еңбегін ескеріп қабылданды. 2024/25 жылғы маусымда Жота Премьер-лигада «Ливерпульмен» бірге чемпион атанып, алты гол соғып, үш нәтижелі пас берген болатын.
Еске сала кетейік, 3 шілде күні 28 жастағы Диогу Жота мен інісі Андре Силви жол апатынан қайтыс болды. Бұл жағдайға байланысты «Ливерпуль» клубы «Энфилд» стадионында арнайы көңіл айту кітабын ашты. Жанкүйерлер мен жанашырлар кітапқа өз ой-пікірін қалдыру үшін стадионға келіп немесе онлайн түрде жазып қалдыра алады.