Реал Мадрид ойыншылары енді Louis Vuitton киеді

Жарияланды 4 Шілде 2025 09:18

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Реал Мадрид ойыншылары енді Louis Vuitton киеді / фото: louisvuitton.com
Реал Мадрид ойыншылары енді Louis Vuitton киеді / фото: louisvuitton.com

Әлемдегі ең танымал әрі табысты футбол клубтарының бірі — «Реал Мадрид» француздың атақты Louis Vuitton сән үйімен көпжылдық серіктестік келісімшартқа отырды.

13 маусым күні Мадридте Louis Vuitton сән үйінің ерлер киімі жөніндегі креативті директоры, әйгілі музыкант әрі дизайнер Фаррелл Уильямс әзірлеген Formal Wear коллекциясы таныстырылды. Жаңа сән үлгілеріне костюмдер, пальто, жейделер, аяқ киімдер, аксессуарлар мен шабадандар енген. Әр бір зат ерекше шеберлікпен, егжей-тегжейге мұқият мән бере отырып тігілген. Коллекцияда «Реал Мадридтің» айрықша монограммасы мен Louis Vuitton-ның танымал элементтері — табиғи былғары, алтын түсті-ақ реңктер және қымбат маталар үйлесім тапқан.

Sports Business Journal мәліметінше, Louis Vuitton спортшыларға алаңнан тыс жерде киетін киімдерді бірінші рет тігіп беріп отыр.

Жаңа топтамада ерекше көзге түсетін үлгілердің қатарында былғары жапсырмалармен әрленген ресми костюмдер, LV Soft аяқ киімдері, сондай-ақ палладий металынан жасалған белдік тектес аксессуарлар бар. Бұл киімдер арнайы тек «Реал» командасына арналған және бөлек саудада сатылмайды.

Брендтің бет-бейнесіне «Реал Мадридтің» жұлдызды ойыншылары: Эдер Милитао, Дани Карвахаль, Килиан Мбаппе, Джуд Беллингем, Винисиус Жуниор және Тибо Куртуа айналды.

Lоuis Vuitton киімдері сондай-ақ «Реалдың» әйелдер футбол және баскетбол командаларына да арналған. Сән үйі олардың сапарлар мен ресми іс-шаралардағы киім үлгісін толық қамтамасыз етеді. Дегенмен, келісімнің нақты мерзімі мен қаржылық көлемі жарияланбады.

Louis Vuitton компаниясының бас директоры Пьетро Беккари бұл серіктестік жайлы:

«Жеңістерге толы тарихы бар клубқа қолдау көрсетуімізді бастағанымызға мақтанамыз. Louis Vuitton мен «Реал» жетістік пен жаңашылдыққа деген ортақ ұмтылысты бірге алып өтеміз», – деді.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Реал Мадрид» футбол клубына қазақ қызы жұмысқа тұрғанын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз