33 млрд теңге шығын келтірген: кеденде алаяқтық жасаған басшылар сотталды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Кеденде жалған шот-фактура толтырып, мемлекетке 33 млрд теңге шығын келтірген топ құрықталды / Фото: shgutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Кеденде алаяқтық жасап келген қылмыстық топ мемлекетке 33 млрд теңге шығын келтірген. Бұл туралы Алматы қаласының прокуратурасы хабарлады.

Алматы қаласының прокуратурасы кедендік сәйкестендіру құралдары арқылы тексеріс жүргізген. Соның нәтижесінде тауарларды шекара арқылы өткізу кезінде жүзеге асырылатын бірқатар қылмыстық схемаларды анықтаған.

Кеден саласындағы уәкілетті экономикалық операторлар тауарларды шекарадан өткізу кезінде нақты орындалмаған жұмыстар мен көрсетілмеген қызметтерге, тиелмеген тауарларға жалған шот-фактура толтырған.

Тексеріс барысында жиналған құжаттар негізінде прокуратура бірнеше қылмыстық істерді тіркеген. Бұл істер бойынша кеден саласындағы уәкілетті экономикалық операторлардың басшылары күдікті ретінде танылған.

Прокуратураның хабарлауынша, қылмыстық топтың заңсыз әрекеті барысында мемлекетке келтірілген залал көлемі 33 млрд теңгені құраған.

«Сот үкіміне сәйкес, айыпталушылар Қылмыстық кодексінің 216, 234-баптары бойынша кінәлі деп танылды. Кінәлі адамдарға мүлкі мемлекет кірісіне тәркіленіп, екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның әртүрлі мерзімдері тағайындалды», – делінген прокуратура хабарламасында.

Сондай-ақ оқыңыз