Wildberries компаниясының атын пайдаланып, халықты алдаған алаяқ елге қайтарылды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Wildberries компаниясының атын пайдаланып, халықты алдаған алаяқ экстрадицияланды
Wildberries компаниясының атын пайдаланып, алаяқтық жасаған күдікті елге қайтарылды / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Wildberries компаниясының атын пайдаланып, халықты алдаған алаяқ экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Халықаралық іздеуде жүрген алаяқты ұстау ісіне үш құзырлы орган қатысқан.
Күдіктіні Дубай қаласынан елге экстрадициялауға Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері және Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігі көмектескен.

Күдікті 2022–2023 жылдар аралығында Алматы қаласының тұрғындарын «Wildberries» компаниясына инвестиция салуға үгіттеген. Компанияға ақша салу арқылы қомақты сыйақы алуға болатынын айтқан. Бірақ іс жүзінде жәбірленушілердің қомақты қаражатын өз мақсаттарына жұмсаған.

Алаяқтық жасаған ол бой тасалап, шетелге қашып кеткен. Прокуратура күдіктіге халықаралық іздеу жариялаған. Екі жыл бойы халықаралық іздеуде болған азамат 2025 жылдың сәуірінде Біріккен Араб Әмірліктерінің аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланған.

«Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Алаяқтық жасағаны үшін күдіктінің мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айта кетсек, жақында халықтың 31 млн теңгесін ұрлаған банк менеджері Ресейден ұсталып, елге қайтарылған болатын. Сондай-ақ АҚтау қаласының кәсіпкерлерін 63 млн теңгеге алдап кеткен алаяқты да Бас прокуратура Ресейден экстрадициялады.

Сондай-ақ оқыңыз