Банк пен қаржы

Банктер несие мен депозит шартының өзгергені туралы хабарлауға міндетті болады

Фото: ашық дереккөзден

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) банктерді барлық жаңа өнімдер туралы, сондай-ақ ескі өнімдердің шарттарындағы өзгерістер жайында ақпарат беруге міндеттемек. Бұл туралы агенттік жариялаған қаулыда жазылған.

Егер жоба қабылданса, банктер, микроқаржы ұйымдары мен сақтандыру компаниялары жаңа өнімдерді бекіткенде, осы өнім бойынша шарттың үлгі нұсқасын және бекітілген шарттарын – сыйақы мөлшерлемесін, қолданылу мерзімін, ең төменгі және ең жоғарғы сомасын, мерзімінен бұрын бұзу, толықтыру шарттарын және басқа да параметрлерін (ҚНРДА) жолдауға міндетті болады. Жаңа өзгерістер жайлы ақпарат 10 күн ішінде жариялануы керек.

Сондай-ақ қаржы ұйымдары өз өнімдеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы ҚНРДА-ны хабардар етуі тиіс.

Аталған қаулы 30 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қаржы нарығын дамыту және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері туралы» заңды іске асыру мақсатында әзірленген. ҚНРДА бастамасына қатысты қоғамдық талқылау 17 шілдеге дейін жалғасады.

Бұған дейін агенттік әскери қызметкерлерге несие беру тәртібін өзгертті. Енді оларға банктер мен микрокаржылық ұйымдардан жаңа несие алуға тыйым салынады.