Бірінші кредиттік бюро жеке деректерімізді қалай саудалайды?

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Бірінші кредиттік бюро
Фото: ашық дереккөзден

Осы жылы шілде айында «Бірінші кредиттік бюро» басшысы Руслан Омаров ұсталды деген хабар тарады. Ол ақпараттық қызмет көрсету кезінде өз мүддесін көздеу үшін ірі көлемде пара берген деген күдік бар. Бірінші кредиттік бюро – елдегі ең ірі ақпараттық мекеме. Ол немен айналысады, жұмысы қаржы секторы үшін қаншалықты маңызды? Материалда тарқатамыз.

Бірінші кредиттік бюро немен айналысады?

Бюро сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, компания Қазақстандағы азаматтардың кредиттік тарихы жинақталған ең ірі технологиялық компаниялардың бірі. Деректер ұсыну саласында 40-тан астам қызмет көрсетеді. Кредиттік бюро экожүйесінде мыңнан астам ақпарат беруші мен алушы тіркелген.

Бюро несиелік ақпаратты жинаумен, оны біріктірумен және қаржы ұйымдарына, сондай-ақ өз несиелік тарихын көргісі келетін тұлғаларға несиелік есептер ұсынумен айналысады.

Бірінші кредиттік бюро есептерінің негізінде белгілі бір тұлғаға кредит беру-бермеу туралы шешім қабылдайды. Ал азаматтар мен заңды тұлғалар соған қарап өз несиелік тарихын дұрыстай алады. Банктерден бөлек микроқаржы ұйымдар мен коллекторлық ұйымдар да бюроның қызметін пайдаланады.

Мекеме сайтында көрсетілгендей, оның құрылтайшылары – несиелік ақпарат беретін халықаралық CreditInfo атты компаниялар тобы. Одан бөлек құрылтайшылар қатарына ForteBank, Alatau City Bank (бұрынғы Jusan Bank) және Halyk Bank, «Астана Финанс», Банк ЦентрКредит де жазылған.

Бірінші кредиттік бюроның бәсекелесі бар ма?

Кредиттік бюро нарықтағы жалғыз ойыншы емес. Оның бәсекелесі – «Мемлекеттік кредиттік бюро». Ол ұйым да Қазақстандағы азаматтар мен компаниялардың несиелік тарихын жинақтап, сол бойынша есеп берумен айналысады.

Мемлекеттік кредиттік бюро Ұлттын банкке тиесілі. Мекеме деректерді қаржы ұйымдары, мобильдік операторлар, бірыңғай сақтандыру деректер базасы мен табиғи монополия субъектілері арқылы жинайды.

2024 жылы бюро қызметіне Kaspi Bank тапсырыс берген. Ол бюроның негізгі қызметінен түскен кірістің 77,3%-ын қамтамасыз етті. 2023 жылы бұл көрсеткіш 70,5% болған.

Кредиттік бюролардың қызметі заңды ма?

Деректер жинайтын кредиттік бюролар тек Қазақстанда ғана емес әлемнің көптеген елдерінде бар. Бірінші кредиттік бюро мен мемлекеттік кредиттік бюроның жұмысы «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» заңмен реттеледі. Ол құжатта кредиттік бюро құру, несие тарихының жиналуы, деректерді пайдалануға қатысты талаптар көрсетілген.

Бірінші кредиттік бюроның құрылтайшысы CreditInfo компаниясы тек Қазақстан ғана емес, басқа мемлекеттерде де қызмет көрсетеді. Компанияның әлем бойынша дамыған және дамушы нарықтарда жұмыс істейтін 25 кредиттік бюросы бар.

Одан бөлек дәл осы салада америкалық Equifax, TransUnion және Experian компаниялары жұмыс істейді. Бұл ұйымдар адамдардың несие тарихы туралы деректерді жинап, сақтап және банктер мен басқа да қаржы ұйымдарына ұсынады.

Заңнамаға сәйкес, ҚР-дағы банктер мен өзге де қаржы ұйымдары клиенттердің кредиті туралы деректерді Мемлекеттік кредиттік бюроға (Бірінші кредиттік бюроға қалауы бойынша) беруге міндетті. 2020 жылдан бастап бұл тізімге ломбардтар, онлайн қарыз ұсынатын басқа да ұйымдар енгізілген.

Кредиттік бюролар қаржы жүйесі үшін қажет. Олардың қызметінсіз банктер мен басқа да кредиттік ұйымдар клиенттердің борышын, онык тарихын әділетті түрде бағалай алмайтын еді. Ондай ақпарат қаржы алаяқтармен күрес үшін де қажетті.

Сондай-ақ оқыңыз