
ForteBank пен Home Credit Bank арасындағы келіссөздер шамамен үш ай жүргізілген. Екеуін толық біріктіру бір жылға дейін созылады деп жазады Kapital.kz ForteBank қаржы ұйымына сілтеме жасап.
Банктің түсіндіруінше, Home Credit Bank-ты сатып алу арнайы стратегияның бір бөлігі.
«Бұл қадам — Forte-ның нарықтағы үлесін арттыруға бағытталған ұзақмерзімді стратегиясын көрсетеді. Біз органикалық даму мен мұқият таңдалған сатып алуларды ұштастыра отырып, сенімді түрде алға жылжып келеміз. Home Credit Bank-тің тәжірибесін, технологияларын және өнімдерін өз командамызда қарсы алуға қуаныштымыз. Екі банктің синергиясы өсім мен инновацияларға серпін береді деп сенеміз», – деп жазылған ForteBank жауабында.
Жаңа активті сатып алу шарттары «коммерциялық құпия» ретінде жарияланбады. Бірақ екі банктің бірігуіне қатысты мәліметтерді ашық түсіндірді.
«Алғашқы кезеңде Home Credit Bank (HCB) тәуелсіз еншілес банк ретінде қалады. Уақыт өте келе HCB құрылымын Forte платформасына көшіруге дайындық жүргізіледі. Бұл үдерісте біз оның процедураларын, өнімдерін, корпоративтік мәдениетін және жинақталған тәжірибесін сақтай отырып, HCB-ге Forte құрылымында жеткілікті деңгейде автономия беруді көздейміз. Мысалы, сатып алынатын банктің қазіргі филиалдық желісі ForteBank-тің филиалдық желісімен қатар жұмыс істеуі мүмкін және бұрынғыдай басқарылып, сол ережелермен қызмет атқарады. Интеграция үдерісі шамамен бір жылға созылады», – дейді банк өкілдері.
Еске салайық, 27 маусымда «ForteBank» АҚ Home Credit Bank-ты сатып алғаны жайлы жазған едік. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және Бәсекелестікті қорғау агенттігінің рұқсатын алғаннан кейін мәміле толық аяқталады.