
Аrdingly Astana жекеменшік мектебі AIX биржасына 4,9 млрд теңге көлемінде облигация орналастырды. Мектепті Primus Education компаниясы арқылы бұрынғы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев пен кәсіпкер Нұрлан Құрақбай иелік ететін инвестициялық компания басқарады.
Облигациялар 2 маусымда орналастырылған. Әрқайсысы 1 000 теңгеден 4,9 миллион облигация шығарды. Бұл облигациялар 2030 жылға дейін, яғни бес жылға есептелген. Жылдық купондық мөлшерлемесі – 21,5%, төлем тоқсан сайын жүргізіледі.
Мектеп таратқан мәліметке сәйкес, тартылған қаражат жаңа кампус салуға жұмсалады. Оның ашылуы 2026 жылға жоспарланған. Кампуста 1 000-ға дейін оқушы білім алады. Жаңа ғимаратта бассейн, спорт алаңдары, музыка, драма, бейнелеу өнеріне арналған мамандандырылған кабинеттер мен ғылыми зертханалар болады.
Ardingly Astana жекеменшік мектебі Астанада 2024 жылғы қыркүйекте ашылған. Ол – XIX ғасырдың ортасынан бері жұмыс істеп келе жатқан британдық Ardingly College мектебінің филиалы. Қазіргі кампус 240 оқушыға арналған, онда 5 пен 10 жас аралығындағы балалар оқыған. Жыл қорытындысы бойынша қазір кампуста 90 оқушы білім алады.
Осыған дейін Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектептің де биржаға облигацияларын орналастырғаны жайлы жазған едік. Білім ошағы кәсіпкер Кеңес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетоваға тиесілі.