
Алдағы демалыс күндерге арналған валюта бағамы анықталды. Қазақстан қор биржасының (KASE) мәліметінше, қазір 1 АҚШ доллары 519,51 теңге тұрады. Ұлттық валюта бағамы айтарлықтай өзгермесе, крипто қайтадан арзандап жатыр.
Доллар бағамы тұрақты
Доллар бір тәулікте бар болғаны 0,06 теңгеге арзандады. Апта басында теңге сәл де болса нығайған. Бір күн бұрын Құрама Штаттар валютасы қайтадан күш алған. Жалпы алғанда, осы апта ұлттық валюта үшін айтарлықтай тұрақты болды. Салыстырар болсақ, бір ай бұрын доллар 508 теңге болған. 30 күннің ішінде АҚШ валютасы шамамен 11 теңгеге күшейгенін көріп отырмыз.
Kurs.kz сайтының мәліметінше, Алматы қаласындағы ақша айырбастау мекемелерінде бір доллар 520 теңгеден қабылданып, 521 теңгеден сатылып жатыр. Астана қаласындағы валюта саудасы – 516 және 523 теңге.
Крипто қайтадан арзандады
Бір күн бұрын 110 мың доллардан жоғары көтерілген Bitcoin (BTC) бүгін қайта түсті. Қазір BTC шамамен 108,9 мың доллар тұрады. Ол бір тәулікте 0,81%-ға арзандады.
Биткоин капиталы 2,167 трлн долларға дейін түсіп қалды.
Бұған дейін мамандар осы айда биткоин 115-118 мың долларға дейін көтерілуі мүмкін деп болжаған.
Ал Ethereum (ETH) болса бір тәулікте тіпті 1,83%-ға дейін арзандап кетті. Қазір ETH шамамен 2 550 доллардан сатылып жатыр. Бейсенбі күні ғана ол 2625 долларға дейін көтерілген еді. Эфириум капиталы – 307 млрд доллар. Бір тәулікте шамамен 6 млрд долларға азайған.
Binance Coin (BNB) токені шамамен 657,68 доллардан саудаланып жатыр. Ол бір тәулікте 0,79%-ға арзандаған. Бинанс Коин капиталы – 92 млрд долларға дейін түсіп қалды.