Қызылорда әкімдігі 1 млрд теңгеге бес қабатты тұрғын үй сатып алады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қызылорда қаласының әкімдігі бес қабатты үйге тапсырыс берді / фото: ЖИ көмегімен дайындалған, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Қызылорда қаласының әкімдігі бес қабатты үйге тапсырыс берді / фото: ЖИ көмегімен дайындалған, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қызылорда қаласының әкімдігі 1 млрд 45 млн теңгеге бес қабатты тұрғын үй сатып алуды көздеп отыр. Әкімдіктің құрылыс бөлімі осындай тапсырысты мемлекеттік сатып алу порталына орналастырды.

Тапсырыстың техникалық сипаттамасында Қызылорда қаласында орналасқан бес қабатты тұрғын үйде 60 пәтер болуы керектігі айтылған.

«Көп қабатты тұрғын үй 5 қабатты болуы тиіс. Пәтер саны кем дегенде 60, оның ішінде кем дегенде 3 бөлмелі 16 пәтер, кем дегенде 2 бөлмелі 44 пәтер болуы керек. Тұрғын үйдің жалпы ауданы 3075,22 шаршы метрден кем болмауы қажет», – деп жазылған құжатта.

Бұған қоса, тұрғын үй газға, жылуға, суға, кәріз және электр желілеріне, байланыс жүйесіне қосылуы тиіс.

Порталда жарияланған мәліметте қала әкімдігі тұрғын үйді нақты кімдер үшін сатып алып жатқаны айтылмаған. Дегенмен тапсырыстың техникалық сипаттамасында «пәтерде мүгедектер қоныстанған кезде әлеуметтік кодекс талаптары орындалуы» тиіс екені жазылған.

Қызылорда қаласы әкімдігінің хабарламасы порталда бүгін, 4 шілдеде жарияланды. Байқауға өтініш қабылдау 8 шілдеде басталып, 10 шілдеде аяқталады. Байқау жеңімпазы бес қабатты тұрғын үйді жыл аяғына дейін өткізуі тиіс. Әкімдік 1 млрд теңгенің 30 пайызын аванс ретінде төлейді.

Сондай-ақ оқыңыз