«7-20-25» ипотекасы бәсеңдеді: Несие неге берілмей отыр

Қазақстанда «7-20-25» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы жұмысын жалғастырып жатыр, алайда несие алудың қолжетімділігі төмендеген. Кейбір өңірлерге әлі күнге дейін несиелер берілмей отыр.
Өтінімдер аз, берілген сома артық
Krisha.kz порталының хабарлауынша, 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында қазақстандықтар «7-20-25» бағдарламасы аясында 2882 ипотекалық несие рәсімдеген. Бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сәл төмен (2955).
Алайда несие сомасы өзгеріссіз қалды — 50,5 млрд теңге, былтырғы 50,2 млрд теңгемен шамалас. Бұл қазақстандықтардың орта есеппен қымбатырақ пәтер алып жатқанын көрсетеді.
Бағдарлама операторы Қазақстан тұрақтылық қорының мәліметінше, бұл көрсеткіштер белгіленген лимит шегінде қалып отыр.
1 шілдеден бастап банктер үшінші тоқсанның лимитін игере бастады, соған байланысты өтінімдер ағыны қайта жанданды.
2025 жылы ипотека рәсімделген өңірлер
- Астана – 1215 несие, 22,1 млрд теңге,
- Алматы – 807 несие, 14,6 млрд теңге,
- Шымкент – 314 несие, 5,5 млрд теңге,
- Қарағанды облысы – 288 несие, 4,4 млрд теңге.
Ал Жетісу облысында – небәрі 2, Қызылордада – 3, Ұлытауда – 5 несие ғана берілген. Бұған басты себеп – бұл өңірлерде бағдарлама талаптарына сай жаңа тұрғын үйлердің жоқтығы немесе тым аз болуы.
«7-20-25» бағдарламасы қалай жұмыс істейді?
Бағдарлама 2018 жылы іске қосылған және тек жаңа тұрғын үй сатып алуға арналған.
Негізгі талаптар:
Сыйақы мөлшерлемесі – 7%,
Бастапқы жарна – кемінде 20%,
Несие мерзімі – 25 жылға дейін,
Тек пайдалануға берілген жаңа тұрғын үй ғана,
Пәтердің ең жоғары бағасы– 25 млн теңгеге дейін, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау және олардың маңайында
Қарағанды мен Түркістанда – 20 млн теңгеге дейін,
Басқа өңірлерде – 15 млн теңгеге дейін.
Қазақстандықтар пәтер сатып аларда жиі таңдау жасап жатады: жаңадан салынған үйден алған дұрыс па, әлде «екінші нарықтан» таңдаған тиімді ме? Әр нұсқаның өз артықшылығы мен кемшілігі бар. Толығырақ мына материалдан оқуға болады.