Қазақстан Қатарға қой мен ешкі етін экспорттап жатыр

Қазақстан бүгінде 80-нен астам елге ауыл шаруашылығы өнімін экспорттауда. Мәселен, тек 2024 жылы Қатарға 750 мың доллардан аса сомаға қой мен ешкі етін жөнелткен.
Астанада Қазақстан мен Қатар арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комитеттің жетінші отырысы өтті. Жиынға ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов пен Катардың халықаралық сауда жөніндегі мемлекеттік министрі Ахмед бин Мұхаммед әл Сайед төрағалық етті.
Кездесуде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және ет экспортының әлеуеті негізгі тақырыптардың бірі болды. Қазақстан бүгінде 80-нен астам елге ауыл шаруашылығы өнімін экспорттап отыр. Соның ішінде 2024 жылы Қатарға 750 мың доллардан астам сомаға қой мен ешкі еті жеткізілгені атап өтілді.
Тараптар ветеринарлық және санитарлық талаптар бойынша өзара ақпарат алмасуды жандандырып, халал және органикалық өнім жеткізу саласында ынтымақтастықты арттыруға келісті.
Сонымен қатар, кездесуде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, Каспий порттарындағы инфрақұрылымды жетілдіру және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері сөз болды. Екі ел арасындағы инвестициялық серіктестік те қарқынды дамуда. Мәселен, Қатардан Қазақстанға тікелей инвестиция көлемі 2024 жылы 156,4 млн долларға жетіп, 18 есеге артты.
Қазақстан Моңғолиядан жарты миллион ешкі сатып алады. Вице-премьер, сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Улан-Баторға сапары кезінде осындай келісімге отырған болатын.