
Оңтүстік Кореяның билік органдары Temu және AliExpress онлайн платформаларында сатылып жатқан бірқатар балалар тауарларын қауіпсіздік талаптарына сай келмегені үшін сатылымнан алып тастауды талап етті. Тексеру нәтижесінде ойыншықтар, киім және аяқ киім сияқты өнімдердің құрамында адам денсаулығына аса қауіпті улы химикаттардың мөлшері бірнеше есе асып кеткені анықталды.
Сеул билігі осы платформалардан сатып алынған 35 түрлі балалар тауарына сараптама жүргізіп, олардың 11-і қауіпсіздік талаптарына сай келмейтінін анықтады. Атап айтқанда, 6 түрлі балалар қолшатырынан фталат негізіндегі пластификаторлар табылған. Бұл заттардың концентрациясы рұқсат етілген мөлшерден 400 еседен астам жоғары болған.
Улы ойыншықтар тудыратын аурулар…
Фталаттар әдетте пластикті иілгіш ету үшін қолданылады, бірақ олардың шамадан тыс мөлшері балаларда жыныстық жетілудің баяулауына, ал ересектерде ұрпақ өрбіту функциясының бұзылуына себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар, бұл химикаттар ми дамуына кері әсер етіп, балалардағы демікпе, СДВГ (зейін тапшылығы және гиперактивтілік синдромы), 2-типтегі қант диабеті және басқа да ауыр аурулардың қаупін арттырады.
Басқа бірқатар қолшатыр үлгілерінен қорғасын деңгейінің рұқсат етілген мөлшерден 27,7 есе жоғары екені анықталған. Қорғасын – ағзаға уытты әсер ететін ауыр металл. Оның салдарынан мидың және орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, балаларда физикалық және психологиялық дамудың баяулауы, есту, сөйлеу және танымдық қабілеттердің нашарлауы сияқты ауыр салдарлар болуы мүмкін.
Temu әкімшілігі ақпаратты растай ма
Бұл жағдайға байланысты Temu әкімшілігі ішкі тексеру жүргізуге уәде бергенімен, оның нәтижелері әлі күнге дейін жарияланған жоқ.
Жұмсақ ойыншықтардың әлегі
Сонымен қатар, Ирландия билігі Temu платформасынан балаларға қауіпті болып шыққан жұмсақ ойыншық – аю мүсінін алып тастауды талап еткен. Елде бірнеше рет ойыншықтың тігістері сөгіліп, ішіндегі толтырғыш сыртқа шығып кеткені тіркелген. Мұндай жағдайлар бүлдіршіндер үшін тұншығу қаупін тудырады.
Қазақстандықтар да қытайлық маркетплейстерге қатысты өз наразылықтарын жиі білдіріп жүр. Азаматтар қажетсіз жарнамалар мен үздіксіз түсетін жеңілдіктер туралы хабарламаларға шағымдануда.
Ал Мәжіліс депутаты Азат Перуашев шетелден құны 200 еуроға дейінгі сәлемдемелерге кедендік баж салығы салынбайтынын айтып, бұл жағдай қытайлық маркетплейстердің салықтан жалтаруына мүмкіндік беретінін көтерген болатын. Оның пікірінше, мұндай платформалар ҚҚС (Қосылған құн салығы) төлеуден де жалтарып отырған болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде қазақстандық шағын және орта бизнесті (ШОБ) тең емес бәсекелестік жағдайына қойып отыр.