Жаңалықтар

Қытай Қазақстан мен ТМД елдеріне жүрілген көліктерді жеткізуді қысқартады

Қытай жүрілген көліктердің экспортын қатаң бақылауға алып жатыр / Фото: shutterstock

Қытай Халық Республикасының (ҚХР) билігі жүрілген көліктердің экспортын қатаң бақылауға алу ережелерін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы CarNewsChina басылымы хабарлады. Басты себеп — шетелге көлік жөнелту көлемінің артуы және жаңа автокөліктердің формалды түрде «қолданылған» деп көрсетілу жағдайларының жиілеуі. Бұл өзгерістердің ықпалы Қазақстанға да әсер етуі мүмкін.

Қытайдың Сауда министрлігі қолданыстағы көліктер экспортына бақылауды күшейту қажеттігін мәлімдеді. Жаңа шаралар мәмілелердің ашықтығын қамтамасыз етіп, екінші нарыққа деген сенімді арттыруды көздейді. Сарапшылардың айтуынша, аз ғана жүрген немесе мүлде пайдаланылмаған жаңа көліктер «қолданыста болған» деп тіркеліп, жеңілдетілген жолмен экспортталып жатыр.  Осылайша көбі салық пен кедендік төлемдерді айналып өтуде.

2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қытайдан қолданыстағы автокөліктердің экспорты 58%-ға өскен. Алайда сарапшылар бұл көліктердің бір бөлігі шын мәнінде жаңа екенін анықтаған. Билік өкілдері мұндай тәжірибе Қытайдың екінші нарығына деген сенімді төмендетіп жатқанын алға тартуда. Сол себепті реттеуді қатаңдату арқылы күмәнді схемаларды тоқтатып, экспорт үдерісін ашық әрі әділ етпек.

Неліктен ережелер өзгеруде?

Қолданыста болған көліктердің жиі экспортталатын бағыттарының бірі ретінде ТМД елдері, соның ішінде Қазақстан да аталды. Бұл елдерге жаңа көліктер «қолданыстағы» деп рәсімделіп, арзан бағада жеткізілетін. Қытайда бұл тәсілді пайдалануға ресми тыйым болмағанымен, жаңа ережелер Қазақстанға осындай жолмен келетін көліктердің тасымалын күрделендіруі мүмкін. Әсіресе бұл  көліктерді жеке түрде арзан бағамен сатып алатын жеке жеткізушілерге әсер етеді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл үрдістің артуына Қытайда жүріп жатқан «жеңілдіктер соғысы» да ықпал еткен. Әсіресе электромобильдер сегментінде жеңілдіктер көлемі 2025 жылдың көктеміне қарай рекордтық деңгейге жеткен. Өндірушілер мен дилерлер жоғары бәсеке жағдайында сатылым көлемін арттыру үшін осындай әдістерге жүгінген.

Қазақстан нарығына әсері қандай болады?

Қытайдағы ережелердің нақты қалай өзгеретіні және оның Қазақстандағы автонарыққа нақты қалай әсер ететіні жаңа нормативтер жарияланғаннан кейін белгілі болады. Әзірге сарапшылар отандық сатып алушыларға жеткізілімдердің кешігуі, логистика мен ресімдеу құнының өсуі сияқты ықтимал салдарларды ескеруге кеңес береді.

Айта кетейік, Қазақстанда Қытай көліктері қымбаттап жатыр. Бағаны шолып шықсаңыз, көлік құны өзгермеген, бірақ комплектациясы ұшқаны байқалады. Қытай көліктерін ұнататын алматылықтар Geely көліктерінің толық комплектациясының бағасы бірнеше айдың ішінде 30 пайызға жуық қымбаттап кеткені қатты таңырқатып отыр.