Көлік сатып аларда нені ескеру керек: толық нұсқаулық

Бұрын жүрілген көлікті сатып алу – маңызды әрі жауапты қадам. Әсіресе, бұл сіздің алғашқы көлігіңіз болса, эмоцияға берілмей, байыппен әрекет ету қажет. Қиындығы көп көлікке тап болмас үшін барлық құжат пен техникалық жағдайын мұқият тексеріңіз. Kursiv.media тілшісі егжей-тегжейлі нұсқаулық пен пайдалы ресурстар тізімін шолып шықты.
Құжаттарды тексеріңіз
Алдымен сатушыдан көліктің техникалық паспорты бар-жоғын сұраңыз. Егер көлік Ресейден жеткізілген болса, көлік құралының паспортын сұраңыз. Сатушы алғашқы иесі болмаса, алдыңғы меншік иесімен жасалған сатып алу-сату шартын көрсетуін өтініңіз. Сонымен қатар міндетті азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру полисін де қарап шығыңыз. Сол арқылы көлік иесінің аты-жөнін және тіркеу күнін тексеруге болады. Егер техникалық қызмет көрсету журналы болса – бұл артықшылық: көліктің қалай пайдаланылғанын көрсетеді.
VIN-код арқылы көліктің тарихын тексеріңіз
Сатушыдан көліктің VIN-кодын сұраңыз және оны алдын ала бірнеше платформада тексеріңіз:
- Vintex.kz
- Aster Check
- Checkcar.vin
- Halyk Homebank қосымшасы – VIN-код бойынша мәлімет болмаса да, көліктің иесі, тіркелуі, шектеулер мен айыппұлдары туралы ақпаратты іздеуге болады.
VIN-код арқылы келесі мәліметтерді біле аласыз:
- Көлік апатқа түскен бе?
- Іздеуде ме немесе кепілде тұр ма?
- Құрастырылған жылы, қозғалтқыш түрі.
Кеңес: Бірнеше сервисті қатар пайдаланыңыз – бұл ақпаратты нақтылауға көмектеседі.
Көлік шанағын мұқият қарап шығыңыз
Көлікті күндіз, жарық кезде қараған жөн. Түстердің біркелкілігіне, сызаттар, тот басқан жерлердің бар-жоғына назар аударыңыз. Бөлек бөлшектердің түсі өзгеше болса – олар қайта боялған болуы мүмкін. Бұл апаттың белгісі болуы ықтимал. Бөлшектер арасындағы саңылауларға қараңыз – капот, есіктер, жүксалғыш біркелкі жабылуы керек. Терезелерінің бұрышында жасалған жылы көрсетіледі. Егер біреуі өзгелерінен өзгеше болса, оны ауыстырған болуы мүмкін. Табалдырықтарды тексеріңіз – тот басу көбінесе сол жерлерден басталады.
Avto-Podbor.kz мамандарының кеңесіне сүйенсек, жасырын бояу іздерін анықтау үшін бояу қалыңдығын өлшейтін құрылғы (толщиномер) қолданған абзал.
Қозғалтқышты қараңыз
Капотты ашыңыз, бірақ бірден қозғалтқышты іске қоспаңыз. Май немесе антифриздің жаңа іздері болмауы тиіс. Май мен антифриз құйылатын ыдыстардың қақпақтары жабық болуы керек. Белдіктер, сымдар мен шлангтар кеуіп немесе жарылып тұрмауы тиіс. Май таяқшасын шығарып, сүртіңіз. Егер май қара, күйген иісті немесе ұсақ металл бөлшектері бар болса – бұл қауіпті белгі.
Міндетті түрде сынақ жүргізіңіз (тест-драйв)
Сатушы қарсы болмаса, көлікті жүргізіп көріңіз. Қозғалтқыш бірден, дірілсіз және бөтен дыбыстарсыз іске қосылуы керек. Жолда көліктің бір жаққа тартпайтынына, аспа жүйесінің шу шығарып-шықпауына, тежегіштің жұмыс сапасына назар аударыңыз. Жылдамдық қорабы (механика немесе автомат) тегіс ауысуы қажет. Кондиционер, жылыту, терезелер, шамдар, сигнализация жұмыс істей ме, бәрін тексеріңіз. Жол кедергілерінен өткенде көлік жұмсақ жүрмесе – амортизаторда ақау болуы мүмкін.
VIN-кодты құжаттармен салыстырыңыз
Сынақтан кейін, көлік тоқтап тұрған кезде, VIN-кодты құжаттармен қайтадан салыстырыңыз. Ол алдыңғы тіреуіште, мотор бөлігінде немесе алдыңғы әйнек астында жазылады. Кем дегенде бір әріп немесе сан сәйкес келмесе – сатып алудан бас тартқаныңыз жөн.
Көлікке шектеу қойылмағанына көз жеткізіңіз
Көлікке қандай да бір шектеулер қойылмағанын egov.kz немесе notarius.kz арқылы тексеріңіз. Егер көлік банкте кепілде болса – ол ақпарат сонда көрінеді. Сондай-ақ салық қарызы немесе төленбеген айыппұлдардың бар-жоғын анықтаңыз. Олар кейін сізге жүктелуі мүмкін.
Арнайы көлік жөндеу отындарында тексеруден өткізіңіз
Көлік сырттай жақсы көрінсе де, міндетті түрде бейтарап автосервис орталықтарына апарыңыз. Бұл 5-10 мың теңге тұруы мүмкін, бірақ болашақта түрлі мәселелер туындамайтынына көз жеткізесіз. Көлікті көтеріп, қозғалтқыш пен электрониканы диагностикалап, аспа мен тежеу жүйесін тексереді. Сатушы өз автосервисін ұсынса да –бас тартып, өзіңіз таңдаңыз.
Күмән тудыратын белгілер
- Сатушы асықтырады: «ертең келіп алады», «тезірек шешіңіз»
- Жүргізуге рұқсат бермейді
- Құжаттарды көрсеткісі келмейді
- Бағасы шамадан тыс төмен болса
- Құжаттар мен иесінің деректері сәйкес келмейді
- «Сенімхатпен сатамын» деген ұсыныс – мұндайда келісімді кейінге қалдырған дұрыс.
Келісімді қалай рәсімдеу керек?
Барлық тексеруден кейін, көлікті сатып алуға дайын болсаңыз, жазбаша түрде сатып алу-сату шартын жасаңыз. Онда көлік туралы толық ақпарат, сатушы мен сатып алушының деректері, баға көрсетілуі тиіс. Кейін сатушымен бірге көлікті тіркеуден шығарып, өз атыңызға ХҚКО арқылы рәсімдейсіз. Сізге жаңа техпаспорт пен жаңа нөмір беріледі немесе өз сақтап қойған нөміріңізді алсаңыз болады. Жолға шығу үшін міндетті түрде сақтандыру рәсімдеңіз.
Көлік – үлкен қаржылық жауапкершілік. Темір тұлпар сатып алмас бұрын осындай нұсқаулықпен танысып шыққан дұрыс. Ең бастысы – аздап күмән туындаса, сатып алуды кейінге қалдырудан қорықпаңыз.
Қазақстан Автобизнес Қауымдастығының хабарлауынша, мемлекеттік базалар, банк сервистері және тәуелсіз ресурстарды біріктіріп тексеру ең тиімді әдіс.
Еске сала кетсек, Kursiv.media тілшісі көлік күтіп ұстау туралы кеңестер ұсынған еді. Оның ішінде, шанағын, салонын тазалау, қозғалтқышын жууға қатысты кеңестер бар.