Пәтерді қолма-қол ақшаға сатып алуға тыйым салу тұрғын үй бағасына қалай әсер етеді?

Қазақстанда жаңа салынып жатқан тұрғын үйлерді қолма-қол ақшаға сатып алуға тыйым салынады. Қазақстан Ұлттық Банкі үлестік қатысу шарттары бойынша барлық төлемді тек банктер арқылы қолма-қол ақшасыз жүргізілуін талап ететін заңнамалық өзгерістерге бастамашы болды. Жылжымайтын мүлік саласы бойынша сарапшы Мәдина Болатханқызы бұл өзгерісті дер кезінде қабылданған, нарықтың ашықтығы мен сатып алушының қауіпсіздігіне бағытталған қадам деп бағалайды.
Сарапшының айтуынша, бұрын бастапқы нарықта жиі кездесетін жағдай. Яғни келісімшартта бір сома көрсетіліп, ал нақты төлемнің едәуір бөлігі құрылыс компаниясына қолма-қол берілетін. Бұл тәуекелдерге және сатып алушылардың алданып қалу қаупіне алып келетін. Сонымен қатар, мұндай мәмілелер салық төлеуден жалтаруға және көлеңкелі айналымға жағдай жасайтын.
«Мұндай жағдайда сатып алушылар қаражаттарын қорғай алмайтын. Келісімшартта бір сома, толық төлем сомасы басқа болса, сотта немесе дау туған кезде сатып алушы ұтылып қалуы мүмкін. Ал енді барлық төлем банктік жүйе арқылы тіркеліп, төлем коды мен келісімшарт нөмірі көрсетілуі тиіс. Бұл түрлі тәуекелдердің алдын алады. Сонымен қатар салықтан жалтаруға жол бермейді», – дейді Мәдина Болатханқызы.
Оның пікірінше, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшу – бұл көлеңкелі нарыққа соққы ғана емес, сонымен қатар тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетігі. Банк әрбір төлемді қабылдамас бұрын, құрылыс компаниясының жобасы Бірыңғай ақпараттық жүйеде тіркелген бе, жоқ па тексереді. Егер тіркелмеген болса, банк төлемді қабылдамайды. Бұл үлескерлердің қаражаты заңсыз салынып жатқан немесе рұқсатсыз бой көтерген объектілерге түспеуінің кепілі.
«Бұрын үйді сатып алу процесінде «бір бөлігі банк арқылы, қалғаны конвертпен» деген жүйе кең таралған болса, енді бұған жол жоқ. Әрбір төлем тіркеледі, бақылауға алынады. Сонымен қатар құрылысы аяқталмаған пәтерді алып, оған иелік ету құқығын басқаға қайта сататын алыпсатарлардың жолы кесіледі», – дейді сарапшы.
Мәдина Болатханқызының айтуынша, бұл өзгеріс ең алдымен сатып алушы үшін пайдалы. Егер құрылыс компаниясы кейін сенімсіз болып шықса немесе объект аяқсыз қалса, банк түбіртектері мен заңды келісімшарт сатып алушының құқығын сотта қорғайтын маңызды құралға айналады.
Кейбір азаматтар пәтер бағасы осы өзгерістен кейін өседі деп қауіптенуі мүмкін. Алайда сарапшы бұлай ойламайды.
«Банк аударымына қатысты комиссия – бұл үй сатып алғандағы тәуекелдермен салыстырғанда болмашы ғана шығын. Жалпы, тұрғын үй бағасына төлем формасы емес, құрылыс материалдарының құны, сұраныс пен инфляция сияқты факторлар әсер етеді. Дәл осы өзгеріс бағаға әсер етпейді деп ойлаймын», — дейді жылжымайтын мүлік саласы бойынша маман.
Сонымен қатар мемлекет құрылыс компанияларына заңды нарыққа шығуға мүмкіндік беру үшін бірқатар жеңілдіктер жасаған. Мәселен, нарыққа кіруге қажетті жұмыс тәжірибесі мен меншікті капиталға қойылатын талаптар төмендетілген. Бұл көптеген шағын құрылыс компанияларына ашық, адал жұмыс істеуге жол ашты. Енді оларға қойылатын басты талап – заң талаптарын сақтау.
«Бұл ретте бәріне ортақ ереже орнатылады. Қолма-қол төлемге жол жоқ болғанда, «көлеңкелі» құрылыс, пара беру сияқты тәуекелдер де азаяды. Яғни, бұл шара тек сатып алушыны ғана емес, нарықтың өзін де тәртіпке келтіреді», – дейді сарапшы.
Мәдина Болатханқызы бұл өзгерістің сыбайлас жемқорлықпен күреске, сондай-ақ заңсыз құрылыс компанияларын нарықтан шығару ісіне де оң ықпал ететініне сенімді. Тек заңды жұмыс істейтін, рұқсаты бар құрылыс компаниялары ғана үлескерлерден ақша тарта алады.
«Егер адам пәтерге миллиондап ақша жұмсайтын болса, ол өз ақшасының қауіпсіздігіне сенімді болғысы келеді. Жаңа ереже – осы сенімділікті қамтамасыз етеді. Бұл тек ережені айналып өтуді үйреніп қалғандарға ғана ыңғайсыз болады», – деп түйіндеді сарапшы.
Осылайша, маманның пікірінше, қолма-қол төлемнен толық бас тарту – бұл өркениетті, ашық әрі қауіпсіз тұрғын үй нарығына апарар жол. Бұл жаңалық қатысушылардан тәртіп пен заңға бағынуды талап етеді. Ал дәл осындай тәртіп нарық дамуының негізі.
Айта кететіні, 2025 жылғы мамыр айында жаңа тұрғын үйлердің бағасы бір жылда 4,9%-ға өскен. Бұл көрсеткіш наурыз айында да осы деңгейде (4,9%) сақталған, ал ақпанда 4,5% болған. Жалпы алғанда, жаңа пәтерлердің бағасы тұрақты түрде өсіп келеді. Орташа есеппен бастапқы нарықтағы тұрғын үйдің 1 шаршы метрі Қазақстан бойынша 500 198 теңгені құрайды. Алматы қаласында бұл көрсеткіш 582 512 теңгеге жеткен. Сарапшылар бағаның мұндай өсімін құрылыс материалдарының қымбаттауы және сұраныстың сақталуымен байланыстырады.
Ал Krisha.kz дерегінше, маусымда қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда орта есеппен 7% қымбаттаған.