Көші-қон айнасы: Қазақстан қайда бет алды

2025 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы деректерге сәйкес, Қазақстанда 417 573 адам ішкі көші-қонға қатысқан. Бұл көрсеткіш елімізде халықтың аумақтық қозғалысы әлі де белсенді екенін аңғартады. Көші-қон – бұл қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің айнасы. Адамдардың бір өңірден екінші өңірге қоныс аударуы – жұмыс, білім, өмір сүру сапасы, инфрақұрылым және қауіпсіздік сияқты көптеген факторлармен тығыз байланысты.

Көші-қон бағыттары және негізгі тенденциялар
Ішкі көші-қонның басым бөлігі ірі қалалар мен экономикалық әлеуеті жоғары өңірлерге бағытталған. Атап айтқанда:
- Астана қаласына – 71 215 адам қоныс аударған;
- Алматы қаласына – 66 277 адам;
- Шымкент қаласына – 37 977 адам көшіп келген.
Аталған қалаларда халық санының артуы тұрғын үй, инфрақұрылым, білім беру және денсаулық сақтау салаларына түсетін жүктеменің өсуіне алып келуі мүмкін. Бұл – мемлекеттік деңгейде дұрыс жоспарлауды және қолдаушы саясатты талап етеді.
Керісінше, кейбір өңірлерден көші-қон сальдосының теріс көрсеткішке ие болғаны байқалады:
- Түркістан облысынан – 45 357 адам көшіп кеткен (келгендер – 36 633);
- Жамбыл облысынан – 20 793 адам кетіп, 16 097 адам келген;
- Солтүстік Қазақстан облысынан – 7 207 адам кеткен, тек 5 480 адам келген.
Бұл деректер оңтүстік және солтүстік өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті көрсетеді. Әсіресе, халқы сирек шоғырланған солтүстік аймақтарда адам санының азаюы елдің аумақтық тұтастығы мен өңірлік дамуы үшін маңызды мәселеге айналып отыр.
Табиғи өсім және халық санының артуы
Көші-қонмен қатар, табиғи өсім де халық санына елеулі ықпал етуде. 2025 жылдың І тоқсанында Қазақстанда 77 345 сәби дүниеге келген. Туу көрсеткіші бойынша алдыңғы қатардағы өңірлер:
- Түркістан облысы – 11 302;
- Алматы қаласы – 7 392;
- Шымкент қаласы – 6 168;
- Астана қаласы – 6 025.
Бұл көрсеткіштер оңтүстік және мегаполистік өңірлерде табиғи өсімнің қарқынды екенін айқындайды. Тиісінше, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жаңа балабақшалар мен мектептер салу – күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі.

Қай өңір ұтылуда
Көші-қон -халықтың өмір сүруге қолайлы, әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы өңірлерге қарай қоныс аудару үрдісі. Ал көші-қон айырымы (сальдо) – белгілі бір өңірге көшіп келгендер мен кеткендердің сандық айырмасы. Бұл көрсеткіш әр аймақтың даму деңгейін, тұрғындарға тартымдылығын айқындайды.
2025 жылдың алғашқы үш айындағы мәліметтерге сүйенсек, көші-қон айырымы ең жоғары өңір – Астана қаласы. Мұнда 17 579 адамға оң сальдо тіркелген. Одан кейінгі орындарда Алматы қаласы (+8 725) және Шымкент қаласы (+3 208) тұр. Бұл қалаларда жұмыс орындары, инфрақұрылым мен өмір сапасы жақсы дамығаны байқалады. Сонымен қатар Алматы облысы да оң сальдоға шығып, (+2 593) көбейген.
Өзге 16 өңір теріс динамикада
Керісінше, Түркістан облысы – 8 724 адаммен ең көп теріс айырым көрсеткен өңір. Сонымен қатар, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарында да халық саны азаюда. Бұл өңірлерден көшудің басты себептері – әлеуметтік мүмкіндіктердің шектеулілігі мен еңбек нарығының тарлығы.
Қорыта айтқанда, көші-қон айырымы- ел ішіндегі аумақтық теңгерімсіздікті айқындайтын маңызды көрсеткіш. Өңірлер арасындағы айырмашылықты азайту үшін кешенді әлеуметтік-экономикалық шаралар қажет.

Қайда көшіп жатырмыз?
Мына кестеде 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы Қазақстанның өңірлер арасындағы халықтың көші-қоны көрсетілген. Бұл мәліметте халықтың нақты бір өңірден екінші өңірге көшуін көрсетеді. Екі негізгі көрсеткіш берілген:
- Жалпы келгені — басқа облыстардан келген адамдар саны.
- Қай өңірден жиі көшіп келеді — сол облысқа қай облыстан көбірек адам келгені.
2025 жылдың басында қазақстандықтар қайда көшуге құмар екені анық байқалды. Ең көп қоныс аударғандар бағыты – Астана, Алматы және Шымкент. Әсіресе Астанаға 38 мыңнан астам адам көшіп барса, Алматы қаласы да 36 мың жаңа тұрғынмен алдыңғы қатарда.
Неліктен бұлай? Себебі бұл қалалар -жұмыс, оқу, өмір сүру үшін ең тартымды. Астанадан Алматы облысына, Алматыдан Жетісу мен Жамбылға, Шымкенттен Түркістанға қарай қозғалыс бар. Халық өмір сүруге жайлы жер іздейді.
Керісінше, Ұлытау, СҚО, Павлодар сияқты облыстар көшіп келушілерді аз тартады. Себебі жұмыс аз, жағдай қиындау.