China Eastern Airlines әуекомпаниясы Қазақстан нарығына кірді

China Eastern Airlines әуекомпаниясы Қазақстан нарығына кірді. Алматы халықаралық әуежайының маршруттық желісі кеңейіп отыр.
2025 жылғы 4 шілдеде China Eastern Airlines әуекомпаниясы Шанхайдан Алматыға алғашқы тікелей рейсін орындаған.
Бұл туралы Алматы халықаралық әуежайы хабарлады.
Бұл – China Eastern Airlines компаниясының Қазақстанға және Орталық Азияға жасаған алғашқы рейсі. Шанхай – Алматы – Шанхай бағыты бойынша рейстер аптасына үш рет ұшады. Дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері. Шанхайға Airbus A321Neo ұшағы қатынайды.
Айта кететін жайт, бүгінде Алматы қаласының Пекин, Гуанчжоу, Сиань, Үрімші, Құлжа, Ханчжоу және Санья сияқты Қытай қалаларымен әуе қатынасы бар. Жаңа бағыттың ашылуы Қазақстан мен Қытай арасындағы байланысты нығайтып, туристердің легін арттыруға және мәдени байланыстарды дамытуға ықпал етпек.
27 маусымнан бастап Қазақстанның авиациялық нарығына Қырғызстанның әуе компаниясы – «Asman Airlines» та кірген еді.