Профессор Кәкен Қамзин қартайған шағында жалғыз үйінен айырылмақ

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Профессор Кәкен Хамзин / фото: adebiportal.kz
Профессор Кәкен Қамзин / фото: adebiportal.kz

Профессор Кәкен Қамзин қартайған шағында жалғыз үйінен айырылмақ. Бұл туралы журналист Айбар Олжай әлеуметтік желіде хабарлады.

Айбар Олжайдың хабарлауынша, алаяқтар ардагер журналист, профессордың сенгіштігін пайдаланған.

«Кинодағыдай әрекет еткен. Алдымен Энергосбыт адамдары ретінде хабарласып, мекен-жайы, ЖСН, пәтері туралы ақпаратты біліп алған. Артынан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің атын жамылып хабарласып, біреулердің үйін тартып алайын деп тұрғанын айтып, тез үйін сатуға көндірген», – дейді журналист.

Профессор алданғанын кеш білген. Алаяқтар сатқан үйінің ақшасын «Ұлттық банктің арнайы шотында» сақтауды ұсынған. Профессор нотариус арқылы үйін сатып, ақшаны алаяқтар жіберген курьерге бере салыпты.

Қазіргі кезде Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция департаментінде қылмыстық іс қозғалды.

Журналистер қауымы Ішкі істер министрі, құрметті Ержан Саденовті осы істі жеке бақылауына алуға шақырып отыр.

Профессор үйінің жаңа қожайындары тарапынан қыспаққа түскен.

«Дәл қазір Кәкен Қамзин жалғыз, үйінде баррикада құрып бекініп жатыр. Пәтерді сатып алғандар кешке, түнде келіп қоқан-лоққы көрсетуде. Іс насырға шауып барады», – деп дабыл көтерді Айбар Олжай.

Мұның алдында алаяқтардың бір адамның атына 500 картаға дейін рәсімдегенін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз