Қаржаубайдың адвокаты Мейірман Шекеев Жәнібектің ісін алды

Қаржаубайдың адвокаты Мейірман Шекеев анасын іздеген Жәнібек Савельевтің ісін алды. Бұл туралы танымал журналист Қымбат Досжан хабарлады.
«Құрметті оқырмандар – Жәнібектің жанашырлары, сіздерге айтарлықтай жаңалығым болмағандықтан, осы күнге дейін ешқандай ақпарат бере алмадым», – деп жазды Қымбат Досжан.
Жәнібектің ісі бойынша қандай қылмыстық іс қозғалды?
2024 жылғы 31 қаңтарда ҚР Қылмыстық кодексінің 135-бабы, 3-бөлігі – Кәмелетке толмағандар саудасы, оның ішінде: кәмелетке толмаған адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге әкету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Айта кететін жайт, Жәнібек Савельев 2023 жылдың соңында Қазақстанға туған анасын іздеп Белгиядан келеді.
Ата-анасы ізделіп жатыр?
Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев Жәнібек Савельевтің оқиғасына қатысты пікір білдірген еді. Ол жерде адам саудасы бар екені анықталып отыр.
Ол Жәнібек Савельевтің шетелге асырылуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген еді. Қожаевтың айтуынша, қашан және қандай себеппен шетелге әкетілгені анықталып жатыр. Әке-шешесі іздестірілуде.
12 мың долларға сатты деген күдікті куә болды
Журналистің сөзіне қарағанда, іс әлі сотқа жетпеген.
«2025 жылғы 9 маусымда қабылданған Қаулыдан білгеніміз: қылмыстық іс бойынша көптеген азаматтан қан үлгілері алынып, Жәнібектікімен салыстырылып, сараптама тағайындалған», – дейді Қымбат Досжан.
Адам саудасына қатысты іске қатысы болуы мүмкін азаматтардан жауап алынған. Бірақ, Жәнібек үшін 12 000 доллар алды деген күдікке ілінген адам күдікті емес, қорғалуға құқығы бар куә ретінде қарастырылған.
Мейірман Шекеев үміт сыйлады
Бұл іске Қаржаубайдың адвокаты Мейірман Шекеевтің араласуы көпшілікті қуантып отыр.
«Осы кісі әділ. Қуаныштымын! Енді нәтиже шығады. Алла разы болсын! Жәнібек ісі күңгірт боп қалды -ау деп қатты уайымдап жүр едім», – деп қуанышын білдіріп жатқандар бар.
Мұның алдында Талғарда бірнеше кісінің қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың ісінде Қаржаубай Нұрымовтың мүддесін адвокат Мейірман Шеккеев қорғаған еді.