Түлектерге кеңес: IT-дегі код жазуды талап етпейтін мамандықтарға шолу

Жарияланды
IT специалист
Коды аз не мүлдем коды жоқ IT-мамандықтар қандай?/Фото: shutterstock

Көбі IT-саласында жаратылыстану-математика бағытында оқығандар ғана жүреді деп ойлайды. Негізі мұнда гуманитарийлерге де орын көп. Коды аз не мүлдем коды жоқ IT-мамандықтар болады. Бүгінгі материалымызда соларға шолу жасаймыз.

Координация, Басқарма

  1. IT-рекрутер / HR-менеджер:
    1. Немен айналысады: Команда жасақтайды, IT-мамандар тауып, жұмысқа алады. Олардың қажып кетпей істеуіне мүмкіндік жасайды. Шиеленіскен мәселелерді шешеді.
    1. Қандай талаптар қойылады: Адамдармен жақсы араласуы керек, нарықты мықты білуге тиіс, трендтер, технологиялар, рөлдерді міндетті түрде білуі қажет. Төзімді, ағылшын тілін меңгерген адамдарға үйлеседі.
  2. Project Manager:
    1. Немен айналысады: Жобаны бастан-аяқ алып жүреді. Команданы ұйымдастырады. Дедлайн, ресурс, бюджет, коммуникацияға жауапты. Бәріне бас-көз болуы керек.
    1. Қандай талаптар қойылады: Мықты ұйымдастыра алуы керек. Жоспар жасауға шебер болуға тиіс (Trello, Jira, Asana, Гант диагррамасымен дос болу міндетті). Келіссөз жүргізіп, Agile/Scrum/Kanban сияқты әдістемелерді жақсы түсінуі қажет. Техникалық тапсырма бере алуы керек.

Дизайн, Интерфейс, Визуал

  • UX/UI-дизайнер:
    • Немен айналысады: UX (User Experience) — өнімді қолдану оңай, түсінікті әрі жағымды болуы үшін нобайын жасайтын маман. UI (User Interface) — интерфейстің визуалына жауап береді. Көбіне екеуін бір адам алып жүреді.
    • Қандай талаптар қойылады: Стилі қалыптасқан, эмпат, аналитика жақсы жасайтын, юзабилити қағидаларын білетін, Figma/Sketch/Adobe XD-мен жұмыс істей алатын маман болуы керек.
  • Уеб-дизайнер:
    • Немен айналысады: Уеб-сайттардың визуал дизайны мен макетін жасайды (лендиңдер, интернет-дүкендер және т.б.).
    • Қандай талаптар қойылады: Photoshop, Figma сияқты графикалық редакторларды білетін, стилі бар, уеб-технологиялардың тілін түсінетін, код жазбаса да, кемінде HTML/CSS дегенді білетін маман болуы қажет.

Мәтін, Контент, Коммуникация

  • Копирайтер (IT / Marketing / Product):
    • Немен айналысады: Жарнама, ақпараттық бағыттағы мәтіндерді жазады. Сайт, лендиң, әлеуметтік желі, презентация мәтіндерімен айналысады. Техникалық «ауыр» тілді жетік қылып, қолданушыға түсінікті етіп жеткізеді.
    • Қандай талаптар қойылады: Жазатын тілін жақсы меңгеруі керек. Таргет аудитория мен өнімді білетін, маркетиң мен SEO-дан хабары бар адам болуға тиіс.
  • Technical Writer:
    • Немен айналысады: Ол құжаттама жасайды. Яғни бағдарламалаушыларға арналған API  нұсқаулық, қолданушының нұсқаулығы, техникалық сипаттамалар, анықтамалықтар жазады. Яғни түсінуге қиын ақпаратты жеңілдетіп береді.
    • Қандай талаптар қойылады: Аналитика жасай алатын, жақсы жазатын, техникалық сауаты мықты маман болуы керек. Көбіне ағылшын тілі міндеттеледі.
  • UX-копирайтер (UX Writer / Content Designer):
    • Немен айналысады: Интерфейс ішінде микромәтіндерді жазады. Яғни батырмалардың атауын, гайдтар, onboarding және т.б. Қолданушыға бәрі түсінікті болатындай жеткізеді.
    • Қандай талаптар қойылады: UX негіздерін меңгерген, қолданушы секілді ойлана алатын, дизайнерлермен жақсы жұмыс істейтін маман болуы керек.
  • SMM-маман / Контент-менеджер (IT):
    • Немен айналысады: IT-өнімді/компанияны әлеуметтік желіде танытады. Контент істейді, жарнама жібереді, анализ жасайды.
    • Қандай талаптар қойылады: Креативті, платформаларды жақсы білетін, таргет аудиторияның кім екенін түсінетін, визуал сәндеуді қатыратын, аналитика жасай алатын маман болуға тиіс.

Аналитика, Маркетиң, Деректер

  1. Интернет-маркетолог (Digital Marketer):
    1. Немен айналысады: Өнім не қызметті кешенді түрде танытумен айналысады: SEO, жаргама (Яндекс.Директ, Google Ads), таргет, email-маркетиң, аналитика.
    1. Қандай талаптап қойылады: Маркетиң құралдарын, арналарды, аналитиканы жақсы білуі керек. Код жаза алмаса да, кемінде GA/Tag Manager  скриптерін білгені артық болмайды.
  2. Product Marketer:
    1. Немен айналысады: Нарық пен бәсекелестерді зерттейді, өнімнің таргет аудиториясын анықтайды. Қалай дамытуға болатынын жоспарлайды.
    1. Қандай талаптар қойылады: Мықты анализ жасай алатын, стратегия құра алатын, өнім мен қолданушыны түсінетін, коммуникацияға шебер болуы қажет.
  3. Бизнес-аналитик:
    1. Немен айналысады: Тапсырыстың не компанияның бизнес-процестерін зерттеп, проблемалар мен не керегін анықтайды. Техникалық тапсырма жазумен айналысады.
    1. Қандай талаптар қойылады: Анализ жасай алатын, сұрақты дөп қоятын, коммуникация құра алатын, әдістемелерді жақсы білетін маман болуы керек. Код жазуға міндетті болмаса да, техникалық бәкграунд болғаны жақсырақ.

Сынақ жасап көру, Сапаны қадағалау, Заң және құқық

  1. Тестілеуші (QA Engineer):
    1. Немен айналысады: Сайт, қолданбалардың жұмысын чек-листер мен сценарилер арқылы тексеріп, сынақтан өткізеді. Қате кеткен жерлерді тауып, сипаттайды. Қолданушы сияқты ойланады.
    1. Қандай талаптар қойылады: Егжей-тегжейдің бәрін мән беретін, ойы жүйелі, проблеманы дұрыс сипаттай алатын, уеб және мобайл құрылғылардың қалай жұмыс істейтінін жақсы білетін маман болуы керек. API, деректер базасы, HTML/CSSВ дегеннің не екенін түсінуі шарт. Ағылшын тілін жақсы меңгерген болса, тіпті керемет.
  2. IT-заңгер:
    1. Немен айналысады: Дижитал салада пайда болған құқықтық мәселелерді шешеді. Авторлық құқық (контент, бағдарламалық жасақтама), келісімшарттар (лицензия, бағдарламалау, клауд), киберқауіпсіздік, IT-стартаптарды сүйемелдеу сынды шаруалармен айналысады.
    1. Қандай талаптар қойылады: Заңгер мамандығын бітірген, құқық саласына маманданған, IT-бизнес жайлы жақсы білетін маман болуға тиіс.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін «IT-мамандар қысқарып жатқанда бұл саланы таңдағандар ұтылып қалмай ма» деген тақырыпта материал жариялаған едік.

Сондай-ақ оқыңыз